"Басына пакет кигізіп, 12 рет пышақ сұққан". Түркістан облысында қыз өлімінің мән-жайы айтылды

13 шілдеден 14-сіне қараған түні Түркістан облысынан суық хабар келді. Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылының тұрғындары ауылдасының бес жасар қызын аяусыз өлтірген күдіктіні сол бойда жазалауды сұрап, көшеге шыққан. Massaget.kz тілшісі мән-жайды анықтап, ауылдың дүр сілкінуі не себеп екенін анықтауға барды.

Жібек жолы ауылы Шымкенттен 100 шақырымдай қашықта Өзбекстанмен шекаралас жатыр. Тіршілігі қайнаған, шекарада алыс-берісі көп ауылға түс ауа келіп жеттік. Ауылға келе салысымен, көк түсті полиция көлігі мен әскерилердің әр-бұрышта тұрғанын байқадық. Оның үстіне, ауылға кіреберісте полицейлер бөтен көліктерді тексеріп, не мақсатпен келе жатқанын анықтап жатты. 

Massaget.kz

Сақшы қызметкерлері мен арнайы техникалардың көп болғанына қарамастан ауыл тұрғындары тірліктерін жалғастырып жатыр. Бөтен көлікпен келген бізді полиция қызметкерлері бірден аңғарды. Сол себепті ауыл ішіне кіріп, шеткі үйдің есік алдында отырған ауыл тұрғынан жол сұрадық. 

"Ауыл қазір дүрлігіп тұр. Сіз іздеген үй әкімдік орналасқан көшеден ары қарай. Бірақ үлгермедіңіздер. Сәбиді жұма намазы аяқтала салысымен жер қойнауына тапсырды", - деп жауап қатты олар.

Біз ауылға келгенде сағат 16:00-ден болды. Уақыт жоғалтпай, қайғы жамылған отбасының үйіне қарай беттедік. Жолай орналасқан әкімдіктің алдында ауыл әкімі бастаған бір топ азаматтар тұр екен. Десе де полиция қоршауында тұрған әкімге сұрақ қоя алмадық.

Massaget.kz

Есік алдында бір топ ер кісі отырған үйді бірден байқадық. Үйді айнала полиция қызметкерлері жүр. Көңіл айтып, хал сұрасқаннан кейін қайғы жамылған ер кісіден мән-жайды сұрадық. Атын айтпауды өтінген ол өзін қаза болған қыздың туысқан ағасымын деп таныстырды. 

"Әкесі қазір ғана есін жиып, өзіне келді. Төсекте жатыр. Тұра алмайтын хәлде. Анасы қайта-қайта есінен талып, ауырып жатыр. Ауылда "химияға" "жатып" алған адам көп. Бұл да сондайлардың бірі. Үйі "притон" болып кеткен. Өңкей нашақорлар жиналады. Ол 10 жыл түрмеге отырып шыққан. Әке-шешесі мен туысқандары Өзбекстанға көшіп кеткен. Ауылда жалғыз өзі тұрады. Мұндай "хайуанмен" кім бірге тұрғысы келеді?" - деп ызасын ұстай алмаған қыздың туысқан ағасы. 

Сөз арасына араласқан тағы бір ер кісі түнде әкесімен бірге жүріп, қызды іздегенін айтты.

"Бәрін айтайын. Бірін де қалдырмай жаз. Бір емес, тоғыз жерінен пышақтап тастаған. Түнде Сарыағаштың мәйітханасына барғанымызда денесін көрсетпеді. Абайға жіберді деп алдады. Аудан әкімі келген соң ғана полиция қызметкерлері әкесіне қызының денесін көрсетті. Сағат 12-1 шамасында ойнауға шығып кеткен. Өзінен бір-екі жас үлкен ағаларымен ойнап жүрген екен. Әкесі күн ыстықта не істейсің деп үйге тастап кеткен. Ойнауға шығамын деп, артынан іздеп шыққанда анау үйіне тартып кеткен ғой. Басына пакет кигізіп, тоғыз не он екі рет пышақ сұққан. Бетінен шапалақпен ұрған. Айқайламасын деген болу керек. Үсті-басының бәрі көк ала. Ойына келгенін істеген соң, өлтіріп, денесін қораның төбесіне лақтырған. Әкесі бір іздеп келгенде таппаған. Кейін көңілі тарта берген соң, қайта келіп қан болып жатқан қыздың жейдесін тауып алған соң, туыстары осы үйге жиналған. Қыздың денесін қораның төбесін тапқан", - деді ол. 

Massaget.kz

Бұл кезде күдікті мас күйінде үйінде жатқан. Оның үстіне, туыстары қыздың денесін төбеге шығаруға жалғыз өзінің шамасы жетпейтін еді дейді. Сол себепті туыстары қызды күдіктің жалғыз өзі өлтірмеуі мүмкін екенін, оның үйінде тұрақты тұрде бөтелкелестері жиналып тұратынын айтады.

"Ол он жыл сотталып шыққан. Осыдан 3-4 ай бұрын біреуді соққының астына алып, басын жарып тастаған еді. Алайда соттылығы бар ол босап шықты. 200 мың теңге беріп шешті дейді. Демек бұл жерде шикілік бар. Егер полицейлер сол кезде оны жібермегенде, мұндай жағдай болмас еді", - деді туыстарының бірі. 

Tengrinews.kz

Қолда бар ақпаратқа сенсек, биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

"Оған он жыл да аз. Өмір бойына қамау керек. Неге осындайларды халықтың өзіне бере салмайды. Оны асыраудың не керегі бар. Ешкімге де керек адам емес", - дейді туыстары.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері күдікті 48 жастағы рецидивист екінін хабарлады. Ол бұрын адам өлтіргені үшін сотталып, 10 жыл түрмеде отырған.

"Кәмелетке толмаған қызды өлтіру дерегі бойынша "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталды, ол қазір кінәсін мойындады", - делінген облыстық ПД мәлімдемесінде.

"Киімсіз денесін көрдім". Түркістан облысындағы қыздың өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.

Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді. 

Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған. 

"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды.

2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!