- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Басын төсекке тығып...
"Басын төсекке тығып отырмағанда, аман қалмас па еді?" 6 жасар баланы өлімнен арашалаған қырғыз азаматы сұхбат берді
Алматыда көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, қырғыз азаматы 6 жасар баланы құтқарып қалған. Massaget.kz тілшісі өз өмірін бәске тігіп, бір өмірді сақтап қалған қырғызстандық Тешебай Жалиловпен сұхбаттасты.
Тешебай Жалилов Ош қаласы Жалпақтас ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы - тарих пәнінің мұғалімі. Алайда қазір Алматыда жұмыс істейді. Тешебай Жалиловтің сөзінше, 25 тамызда күтпеген жайтқа куә болған. Айнабұлақ шағынауданындағы үйлердің біріндегі 7-пәтерден өрт шыққан.
"25 тамызда кешкі сағат 17:00-ден кеткенде сол жерден өтіп бара жаттым. Жұрт айқайлап қашып, шулап жатыр екен. Қарасам 5-қабатта өрт болып жатыр екен. Соны көріп тұрғаннан кейін көмектесейін деп жүгіріп үйге кіріп кеттім. Есікті қақтым, ашылмады. Кейін есікті итеріп көрдім, онда да ашылмады. Сосын іште кім бар екенін білейін деп айқайладым", - дейді Тешебай Жалилов.
Тешебей Жалилов бұл үйдегі адамдарды танымайтынын, тек қызыл жалын шарпыған жерден бей-жай өтіп кете алмағанын жеткізді.
"Сол пәтердің көршісі ме, білмедім, бір орыс қыз келді. Ол дәл сол пәтерде кім тұратынын таниды екен. "Ішінде кішкентай бала бар" деді. Кейін сырттан есік ашатын нәрсе алып келдім де, қайта сол пәтерге қарай жүгіріп, есікті аштым", - дейді ол.
Кейін қырғыз азаматы іште 6 жасар Рамазан есімді бала қалғанын біліпті.
"Есікті ашсам, пәтердің іші қара түтін екен, барлығы күйіп кеткен. Көзім ашып кеткендіктен, алғашында кіре алмай қойдым, қайта шығып кеттім. Футболкамды шешіп, ішке қайта кірердің алдында "іште кім бар" деп айқайлап сұрадым. Пәтердің ішінде 6 жасар бала қалып қойған. Футболкамды шешіп, оны сулап, үстімді де сулап, футболкамды басыма орап, кірейін деп жатқанда, қара түтін қатты болды. Ас бөлмеден қатты жалын шығып, ол басқа бөлмелерге қарай тарай бастады. Пәтердің іші көрінбейді, іші тым қап-қара түнек болып кетті", - дейді ол.
Қырғызстандық азамат баланы құтқару барысында тіпті өзінің де өміріне қауіп төнгенін айтады.
"Бала үлкен залда басын төсекке тығып отырмағанда, аман қалмас па еді? Баланы сол жатқан жерінен көтеріп алып, футболкаға орап шығайын десем, пәтер іші қара түтін. Шығатын есікті таппай қалдым. Сөйтіп, қолым қабырғаға тиіп кетіп, құлап қалдым. Орнымнан атып тұрып баланы қолыма алып, қабырғаны жағалай сыртқа шығуға ұмтылдым. Басымды көтеріп қарасам, өрт әлі болып жатыр екен. Секіріп сыртқа әрең шықтым. Егер сол құлаған кезде орнымнан тұра алмай қалғанымда, онда өрттің арасында мен де қалып кетер едім", - дейді қырғыз азаматы.
Тешебай Жалиловтің жеке мұрағатынан
Өртке оранған үйден шыққаннан кейін ол баланы туыстарына табыстаған. Тешебай Жалилов мұндай жағдайға кім тап болса да құтқарудан тайынбайтынын жеткізді.
"Баланы алып шығып, апасына бердім, жедел жәрдем де келіп қалыпты. Баланы берген соң құсып, басым айналды. Маған да алғашқы көмек көрсетілді. Баланың апасы сол уақытта балабақшадан қызын алып келемін деп сыртта болған секілді. Пәтер қатты өртеніп жатты. Ал мен үйде кім болса да алып шығамын дедім", - дейді ол.
Тешебай Жалилов бұл ерлігі үшін баланың ата-анасы алғыс білдіргенін, ал Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері нөмірін жазып алғанын айтады. Ал Қырғызстан тарапы осы ерлігі үшін екі медаль таққан.
Тешебай Жалиловтің жеке мұрағатынан
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова