Бір кездері өнер әлемінде жарқ еткен, алайда кейін көрінбей кеткен әншілер көп-ақ. Халық әлі күнге олардың есімдерін де, әндерін де ұмытпаған. Тіпті әндерінің бірінші жолын естіген бойда ерекше күйге енетіні, өткен күндерін еске алатыны жасырын емес. Massaget.kz тілшісі жиі ел алдына шыға бермейтін әншілер кімдер екеніне және қазір қайда жүргеніне шолу жасады.
"Өзімнің кінәм". Қайрат Түнтеков
Көрінбей кеткен әншілерді айтқанда ең бірінші еске түсетін - Қайрат Түнтековтың есімі. Бір кездері SuperStar, "Новая волна" байқаулары арқылы жұлдызы жанған әнші қазір шоу-бизнес өкілдерімен бірге сахна төрінен көріне бермейді.
Әнші сұхбаттарының бірінде "тыңдармандар ұмытып кететін шығар" деген ой болғанын жасырмаған. Сондай-ақ, ол ұзақ жыл спортпен айналысқанын айтқан еді.
"Спортпен айналыстым. Тіршілігімді жасап жүрдім. Бизнеспен айналысамын деп бастаған жайым болды. Бірақ мен әлі дайын емес екенмін. Тек ән айту керек", - деді ол.
5 жыл бұрын әнші сұхбатында өнерге келгенін айтқан болатын. Ал 6 жыл бұрын әнші "Гәкку" арнасында "Тоқтама" атты әні жарық көрген.
2 жыл бұрын ол Құрманай Бақтиярқызымен бірге "Егіз лебіз" жобасында төбе көрсеткен еді. Алайда қазір әншілердің бірі қалмайтын концерттерден Қайрат Түнтековты байқай бермейміз.
Әнші Аман Тасығанға берген сұхбатында 2014 жылдан бастап Шымкентте тұратынын айтқан болатын. Ол 2009 жылы продюсері Динара Адаммен жұмыс істеген. Кейін 4 жыл жұмыс істеген соң жеке кеткен. Ол бұл ісіне өкінеді екен.
"Өзімнің кінәм. Сол кісімен жұмыс істей берсем, әлі күнге дейін жұмыс істеп жүретін едім. Мүмкін, жағдайымды жасап алатын ба едім?" - деген еді ол.
Бұл жылдар әншінің шығармашылығынан бөлек жеке өміріне де оңай болмаған секілді. Өйткені өзінің сөзінше, "бірге көтерілеміз, мықты жұмыс істейміз" деп арандатқандардың бірі де қасында қалмаған. Ал 2012 жылы 28 желтоқсанда Қайрат Түнтеков жол апатына ұшырады. Әнші тізгіндеген Toyota Camry 40 көлігі Toyota Land Cruiser 100 автокөлігімен соқтығысқан еді. Осылайша, 40 тәулікке қамалды.
"Мені 18 адамды өлтіріп қойған сияқты іздеді ғой. Таңғалдым. "Хайп" болды ғой кәдімгідей. Негізі, өз тіршілігіммен жүрдім. Бірақ бір күні футболдан шыққанымда таныс бір кісі хабарласып, "Қайратжан, қалайсың? Мына жаққа келші" деді. Сол мені "ұстап" берді. Шыққан едім, қолыма кісен салып алып кетті. Ертесіне телеарналарды шақырып қойған, сотқа бардым", - деген еді әнші.
Әншінің Instagram-парақшасына назар аударсақ, 2020 жылы "Актриса" атты ән шығарған. Ал былтыр мамырда Жаңаөзенде концерті өткен. Сондай-ақ, арасында танымал шетел әндеріне кавер түсіретіні байқалды. Желіде 138 мың оқырманы бар.
Instagram-парақшасына жазылған пікірлерден жұрттың бір кездері жарқ еткен әншіні сағынғанын көреміз.
"Қайдасыз, неге шықпай қойдыңыз сахнаға?", "Халық дауысыңызды сағынды", "Тыңдармандарыңыз қатты сағынып жүрген сияқты", "Ақтөбеде күтеміз", "Концерт күтеміз Алматыда", "Дауысыңыздан айналдым", "Бізге қашан келесіз", - дейді олар.
"Сахнаға оралу ойда бар". Рахат Тұрлыханов
2000 жылдары өнерге қадам басқан, аты аңызға айналған әнші Рахат Тұрлыханов та сахнадан жоғалып кеткен. Оның жұлдызы 16 жасында жарқ еткен еді. Ол сұхбаттарының бірінде қалай танымал болып кеткенін өзі де түсінбей қалғанын айтқан болатын.
"Бірінші автограф бергенім есімде. Сол кезде білдім танымал болғанымды", - деген еді ол сұхбаттарының бірінде.
Оның "Бір тамшы жас", "Азем", "Асыл әжем" секілді әндері танымал. Соның арқасында Қазақстаннан бөлек Лондонға барып өнер көрсеткен.
Ол 2017 жылы "Гәкку дауысында" сахнаға шыққан еді. Сондай-ақ, әнші сұхбаттарының бірінде ұялы телефонға арналған қосымша ойлап тапқандарын айтқан болатын. Ал "Әйел бақыты" бағдарламасына тікелей эфирге шығып, IT саласында жүргенін жеткізген еді.
"Қазір мобильді қосымшаға арналған жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, караокеде ән айтып тұратыным болмаса, мүлде ән айтпаймын. Сахнаға оралу ойда бар, бірақ нақты қашан екенін білмеймін. Кәсібімді дөңгелетіп алғаннан кейін ғана шығар", - деген екен әнші.
2018 жылы да сахнаға оралуы мүмкін екенін айтқан еді. 2020 жылы берген сұхбатында да альбом шығару ниеті барын жеткізген. Бірақ әлі күнге әнші өнер әлеміне толық оралмаған.
"Сапалы альбом жасау туралы ниетім бар", - деген еді ол.
Әншінің Желідегі парақшасына 22 мыңнан аса адам тіркелген. Алайда парақшасында өнерге қатысты ештеңе жоқ. Ол қазір отбасылы, балалары бар.
"Кәсіптен көп қаржы жинамадым". Асқар Жүнісбеков
Елдің сүйікті әншісінің бірі Асқар Жүнісбеков те қазір айтарлықтай белсенді емес. Оның "Ақ қайыңға мен барамын күн батқан кезде" деп басталатын әні көпшіліктің көңілінен бірден шыққан еді.
Nur.kz басылымы мәліметінше, әнші кәсіпкерлікке бет бұрғанын айтқан. Ол 2020 жылы берген сұхбатында саудагерлермен жұмыс істегенін жеткізген.
"Алматыдамын. Мен ешқайда кетпегенмін. Мектеп бітіргелі осы қаладамын. Осымен 19 жыл болыпты. Биыл бұйыртса өнерді ақырындап қолға алып жатқан жайым бар. Бұған дейін әртүрлі тірліктер істеп көрдім. Бірақ, өнерден кете алмадым. Бәріне айтатын жауап осы шығар. Кішігірім кәсібім болды. Мен кәсіпті де істей алады екенмін, қолымнан келеді. Бірақ өнер маған жақынырақ екен. Базар саласында саудагерлермен жұмыс болды. Жұмыс жақсы жүрді, бірақ қайтып келу керек болды. Өнермен бастағаннан кейін, оқуды бітіргеннен кейін осы жұмысты қайта қолға алуға тура келіп тұр. Тәуекел деп басынан бастағандай қадам жасаймыз. Негізінде, мен алыс кетпедім. Арасында концерттерге шығып жүрдім, шақырған жерлерден қалмадым. Мендегі мәселе - жаңа әндердің жазылмауы. Жалпы, өнерден қатты кеткен жоқпын, қосымша алып жүрдім. Енді бұйыртса жаңа әндер жазып жатырмыз. Кәсіптен көп қаржы жинамадым, өнерде көбірек екен. Әйтпесе, жүре беретін едім бизнесте" , - деді әнші.
Әншінің кейінгі шыққан әндерінің бірі "Сен үшін" деп аталады. Бірақ бұл әннің шыққанына да 5-6 жыл болып қалған.
Желідегі парақшасына назар аударсақ, 179 мың оқырманы бар екен. Сондай-ақ, өнердегі әріптестері мен достарынан алыстамаған. Бұған сурет-видеолар дәлел.
Желі қолданушылары әншінің парақшасында оның дауысын сағынғанын жазған.
"Студент кезде сіздердің әндеріңізге, өздеріңізге "ғашық" боламыз деп, жанымызда жүрген жігіттерді менсінбеуші едік", "2000 жылдары қайран жастық кезіміз, барахолкаға барсаң осы өлең сыртта қосылып тұратын", "Сахнаға жиі шығып тұрыңызшы", "Сахнада өз орны ойсырап тұр", "Біз бақыттымыз ғой, шіркін, бала кезімізде есті ән тыңдап өстік. Қазір не? Кетті ләқты", "Сағындырдың ғой", - деп жазған Желідегілер әншіге.
"Қыдырәлі ағаммен арада келіспеушілік болды". Нұржан Қалжан
2007 жылдары өнер әлеміне қадам басқан Нұржан Қалжанның "Бұлбұл құсым" әні бірден танымал болған еді. Алайда әнші 10 жылдан аса уақыт өнерден көрінбей кетті. Ол сұхбаттарының бірінде себебін түсіндірген болатын.
"Қыдырәлі ағамен арада келіспеушіліктер болды. Кетуге мәжбүр болдым. "Аға, рақмет сізге, өнерде ортаға қостыңыздар. Бірақ өз жолыммен жүре берейін" деген әңгіме болды. Екеу ара келіспеушілік болды. 10 жыл болды. Ақшаның, дүниенің мәселелері. Арамызда реніш болды. Жауапқа тарту деген дүние болмады", - дейді Нұржан Қалжан сұхбат барысында.
Әншінің Желідегі парақшасына назар аударсақ, 26 желтоқсанда "Жақсы көру" деген әнін жариялапты. Сондай-ақ, тойларға шығып жүргенін де байқадық.
"Шеттеліп қалған жоқпыз". Мақсат Базарбаев
Қазір көрінбей кеткен әншінің бірі - "МузАРТ" тобының бір кездегі белді мүшесі болған Мақсат Базарбаев. Ол сұхбаттардың бірінде үнемі сахнаға шыға беруді құптамайтынын айтқан болатын.
"Осындай бір сағыныш болуы керек. Қазір жастар шығып жатыр. Жақсы-жақсы өнерпаздар шығып жатыр. Топтан қалып кеткен, шеттеліп қалған жағдай жоқ. "Алматы әуенінде" жұмыс істеп жатырмыз", - деген еді ол.
Әнші Instagram-парақшасын белсенді жүргізеді екен, 250 мыңнан аса оқырманы бар. 21 желтоқсанда "Жүрекке әмір жүрмейді" деген жаңа әнін жариялапты.
"Анам өмірден өткеннен кейін өнерден мүлде кеткім келді". Бейбіт Қорған
"Шоқ қыздар" әнімен шоу-бизнесті жаулап алған Бейбіт Қорған да біраз уақыт өнерден алыстап кеткен еді.
Nur.kz мәліметінше, ол анасы өмірден өткеннен кейін өнерден мүлде кетпек болыпты.
"Үйде жүрмін. Бала-шағаммен, отбасыммен. Бәрі Алланың сынағы. Алла өзі жақсы көретін құлдарына міндетті түрде сынақ жібереді. Анам өмірден өткеннен кейін өнерден мүлде кеткім келді. Неге? Бір жылтырақ, қиқалаңдап-шақалаңдап жүргенді ұнатпайтын адамдардың бірімін. Әншілік болғанда, бетіңді жылтыратып, үстіңді жылтыратып қайта-қайта. Дұрыс емес нәрсе сияқты. Бірақ енді отбасыңды, бала-шағаңды асырауды ойлайсың", - деген еді Бейбіт Қорған.
Алайда өміріндегі өзгерістерден кейін әнші отбасын асырау мақсатында өнерге қайта оралған.
"Бір әніңді елге тоқтаусыз жарналамау менің көңіліме жағатын нәрсе емес. ... Қазір өлеңдерімді шығарып жатырмын. Бірақ "Шоқ қыздарға" дейін "Тыңдашы, жаным" деген де болды. ... Бір кезде жарқ ете қалу болады. Одан кейін халық одан да жақсы нәрсе күтіп тұрған сияқты болады. Ол үшін бір шешініп шығу керек сияқты ма?! Қазіргі жастардың сұранысына ие, революциялық жаңа бірнәрсе күтіп отырады. Өйткені ол - шоу. Оның да екі түрі болады. Қыздардың ерсі нәрсе жасайтындары тез өтіп кетеді. Жастар жылтыраққа әуес болады ғой", - деген еді Бейбіт.
Бейбіт Қорған да жаңа жылды "Қара түнде" атты жаңа әнмен аяқтапты әрі жаңажылдық түсірілімдерге де қатысыпты.
"Басымыздан қаралы жағдайлар өтті". Медеу Арынбаев
Бұрынғы "АБК" тобының мүшесі, эстрада әншісі Медеу Арынбаевты да үнемі сахнадан байқай бермейміз. Ол бұл жағдайдың себебін сүйікті жарынан айырылуына байланыстырған секілді.
"Кейінгі екі жыл өнерде тоқырау деуге болмас, бірақ аздап тоқтаттым. Өйткені басымыздан қаралы жағдайлар өтіп жатты. Соның салдары болуы керек. Былайша ән жазу тоқтаған жоқ. Жаңа әндер жазылып жатыр", - деген еді ол 4 жыл бұрын берген сұхбатында.
Әнші Instagram-парақшасына шығармашылық процесінің видеоларын, әндерін жүктеп отырады екен.
"Кетіп қалған жоқпын". Асан Пердешов
"Тек сені сүйдім дара қызым деп,
Еркелетуші ем қара қызым деп,
Екеумізді екіге бөлді-ау,
Өмірдің мынау қара күзі келіп".
Бұл әнді білмейтін адам кемде-кем шығар. Ал осы әнді орындайтын әншінің өзін сахнадан жиі байқамаймыз.
Ол сұхбаттарының бірінде елде екенін, ешқайда кетпегенін айтқан.
"Кетіп қалған ештеңем жоқпын. Қазақстандамын", - деген еді Асан Пердешов.
Шынында да, әнші өнерден алыстамапты. Оған жаңа жыл алдында ғана шыққан "Жаңа жыл" әні дәлел.
Сондай-ақ, ол Желіде де белсенді екені байқалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!