Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңкияқ ауылының тұрғындары кешегі түнді ұйқысыз өткізді. Ауылды басқан газдың иісіне тұншыққан тұрғындардың алды ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеңкияқ ауылының тұрғындары кеше кештен бастап дүрлікті. Тұрғындардың айтуынша, ауылға газ тарататын мекеме халыққа таңғы сегізден бастап кешке дейін газ беруді уақытша тоқтататынын хабарлаған. Кешке газды қайта қосқан кезде ауаға өткір иіс тарайды. Тұрғындардың жүрегі айнып, басы ауырып, құсқан.
"Таңертеңгі сегізден бастап, бір күн газды тоқтатамыз деген хабар келді. Кешкі сағат жетінің шамасында газды қосқан кезде сұмдық иіс шықты. Басымыз айналды, құсқымыз келді. Небәрі 20 минуттың ішінде дүрлігіп қалдық. Үйдегі иістен қашып далаға шықсақ, сыртта да осындай иіс. Көрші-көлемнің бәрі сыртқа шықты. Көрші келіншектің аяғы ауыр еді. Басы айналып, лоқсығасын дереу жедел жәрдем шақырдым. Сөйткенше болған жоқ өзімнің қызым құсты. Екеуін де ауруханаға алып кетті", - дейді Кеңкияқ аулының тұрғыны Гүлдана Тұрдалина.
Абырап қалған тұрғындар жауапты мекеменің барлығына хабарласқан. Алайда олар иістің нақты қайдан шығып жатқанын айтпапты.
"Түнімен иістен уланып шықтық. Қазір басымыз ауырып отыр. Алты балам бар. Балаларым түнімен жылап, тамағы қызарып, бастары ауырып шықты. Түнде үш ауылға газ беруді тоқтаттық деді. Бірақ иіс бір сәтте кеткен жоқ. Түнімен газға уланып шықтық", - дейді Гүлжан.
Ауыл тұрғыны Ертай Айтжанов балалары үшін уайымдайтынын айтты.
"Кеше иістен қызымның қан қысымы көтеріліп ауруханаға түсті. Дәрігерлер бақылап отырмыз деді. Халық жаппай далада жүрді. Жалғыз менің балам емес, ауылдың бірнеше тұрғыны дәрігердің көмегіне жүгінген. Шынымды айтсам, балаларымның денсаулығы үшін алаңдаймын. Бір балам жақында ғана ауруханадан шықты. Алты ай күтім керек деді. Ал кешегі жағдайдан кейін қалай ашуланбайсың? Әр мекеме өз ісіне жауапты болуы керек қой", - дейді Ертай.
Тұрғындардың айтуынша, Кеңкияқта мұндай жағдай бірінші рет емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын да тұрғындар газдың иісінен уланып қала жаздаған.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін аудан әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімінің орынбасары Жандәурен Қойшыбаевтың айтуынша, қазір жағдай тұрақты.
"Газ Жаңажолдан шығады. Негізгі магистральді құбырға жауапты, жеткізуші - "ИнтергазцентральнаяАзия" деген мекеме. Олар құбырға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмысты аяқтағанан кейін газға иіс беру үшін қосылатын одорантты мөлшерден тыс қосып жіберген болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір жауапты мекеме өкілдері, эклогтар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселенің нақтысы кейін анықталады", - деді аудан әкімінің орынбасары.
Газдың иісі ауданның бес ауылында шыққан. Олар - Кеңкияқ, Саркөл, Шұбарши, Құмсай, Қопа.
Ал бұл мәселе бойынша облыс әкімдігінде өткен жиында ауылға газ беруші "Техногаз" ЖШС директоры Руслан Әміртаевтың айтуынша, "Интергаз" мекемесі жоспарлы жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін иіс шыққан. Болжам бойынша одорант қоспасы мөлшерден тыс қосылуы мүмкін. Қазір жағдай тұрақты екенін, иіс тоқтағанын, газ беріліп жатқанын айтты. Ал мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов осы мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Одорант қоспасының қаншалықты қосылғанын, не себепті адамдарға осылай әсер еткенін анықтайтын боламыз. Газ тарататын мекеме өкілдерімен кездесу ұйымдастырамыз", - деді бөлім басшысы.
Темір аудандық ауруханасының бас дәрігері Сержан Жанахметовтың айтуынша, иістен уланған адамдардың жағдайы тұрақты.
"4 қыркүйекте кешкі сағат 22:00-де Кеңкияқ ауруханасына адамдардың улануы бойынша шақыру түседі. Жедел жәрдеммен жеткізілген сегіз адамға тексеру жүргізілді. Оның ішінде екі бала бар. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі таңда ауруханада газбен улану дерегі бойынша ешқандай науқас жатқан жоқ. Барлығы үйіне қайтарылды", - деді бас дәрігер.
Кәмшат Сексенбайқызы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!