Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова жеке өмірі туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр бұл туралы Qazaqstan арнасындағы "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті. Ол өміріндегі өзгерістерін сөз етті.
"Салмақ тастаған сияқтымын. Жұмысым қызық. Экология мәселесі көп. Сол жағынан бізге қойылатын талап та көп. Қазір кітап оқитын уақыт жоқ. Нелсон Манделаның биографиясы туралы аудиокітап тыңдап жүрмін. Таңғы 6-да залға барамын", - дейді ол.
Сондай-ақ, Зүлфия Сүлейменова неге еттен бас тартқанын айтты.
"9 жыл бұрын ет жеуді қойдым. Ең алдымен, денсаулығым үшін, одан басқа ет жемеген экология үшін дұрыс. Ал бағалы тондарға келсек, 2019 жылы Жапониядан кеткенде 3 айдай 1 чемоданмен жүрдім. Сол кезде адамға бақытты болу үшін бағалы тон қажет емесін түсіндім. Анам да бағалы тон кимейді. Оның қажеті жоқ", - дейді министр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі жеке өміріне қатысты сұраққа жауап берді.
"Басым бос. Тұрмыс құрмағанмын. Менің ойымша, өмірде ең бастысы - адам болып қалу. Білімі де, материалдық жағдайы маңызды емес, экобелсенділікке де үйретуге болады", - деді ол.
Айта кетейік, Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде дүниеге келген. Ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады. 2020-2021 жылдары - Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!