Атыраулық полицейлер мұз ойығынан суға түсіп кеткен жасөспірімді құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау қаласында орталыққа жақын Жайық жағалауында қыз баланың мұз ойылып суға түсіп кеткені жөнінде хабарлама түскен. Хабарлама бойынша Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ғапу Жанарыс, Арсен Муратов, Құрманғазы Мерей және Әкімшілік полиция бөлімі инспекторы Арманбек Габитов дереу оқиға орнына жеткен. Мұз ойығынан басы ғана көрінген адамның әйел адам екендігін дауысынан ғана айырған полицейлер құтқаруға бірден кіріскен.
Жанарыс Ғапу беліне арқан жіп байлап мұз үстімен жасөспірімге қарай беттеді. Әріптесі Мерей Құрманғазы оған көмектесу үшін жіп бойымен бірге жүрді. Өзге полицейлер жағада Жанарыс Ғапуды суға батып бара жатқан қыз баламен бірге тартып шығаруға дайын тұрды.
Аяқ асты адам өміріне араша түскен полицейлердің қырағылығы мен ептілігі нәтижесінде жасөспірім жағаға шығарылып жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Денесі қатты суықтаған жасөспірім мән-жайды түсіндіре алмады. Жедел-тергеу тобы тиісті шараларды бастап кетті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз