Рамиль Мухоряпов есімді кәсіпкер қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесіне кешірім сұрап, Желіде видео жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, ол Алматыда туып-өскен. Ал қазақ тілін аздап түсінеді, компаниясында да қазақ тілін дамыту бойынша жобаларды қолға алған.
"Сәлем, достар, сіз кешегі видеоның бір бөлігін көрдіңіз. Ең алдымен, барлығынан кешірім сұрағым келеді. Ешкімді ренжітейін деген ниетім болған жоқ. Дұрыс айтасыз, қазір сіздерді мұқият тыңдау керек. Не айтқым келіп тұр? Біріншіден, бәрінен кешірім сұрағым келеді. Видеоны қайта қарадым. Шынында да, дөрекі айтылған. Мен Қазақстан азаматымын, Алматыда туып, осында өстім. Мұнда компания құрып жатырмыз, қызметкерлердің 99 пайызы - қазақстандықтар, мұнда салық төлейміз. Қазақ тілін дамыту қажет екенін түсінемін. Компанияда тілді қолдауға арналған жобалар бар. Қазір жартысы қазақ тілінде, қалғаны аударылып жатыр. Жақын арада мұны аяқтаймыз. Өзіме қатысты келер болсақ, тілді аздап түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Сөйлеуге, үйренуге тырысамын. Достар, тағы бір рет кешірім сұраймын", - дейді ол видеода.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкердің қазақ тіліне қатысты айтқан мәлімдемесі Желіде дау туғызғаны хабарланған болатын.
Кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне байланысты айтқан сөзінен кейін Қазнеттегілер де компания сервистерінен бас тартуға шақырған еді. Кейінірек компания өкілдері осы жайтқа байланысты пікір білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!