Басы дауға қалған Черчесов қазақша жазба жариялады

Басы дауға қалған Черчесов қазақша жазба жариялады
Фото: alizadastudios/depositphotos.com

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Instagram-дағы парақшасында қазақша жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол жазбасында Абат Айымбетовті Түркиядағы чемпионатта сәтті өнер көрсетуімен құттықтады.

"Абат қуантты! Ойыншыларымыздың еуропалық чемпионаттардағы жетістіктерін ұдайы бақылап отырам. Кеше шабуылшы Абат Айымбет Түркиядағы чемпионатта "Адана Демирспор" үшін гол салды. Бұл - оның үшінші матчтағы үшінші голы. Міне, бүгін Абатқа қоңырау соғып, жетістігімен құттықтадым. Осы қарқынды төмендетпеуіне тілектестік білдірдім. Ол дарынды жігіт, болашағы алда. Жарайсың, бауырым!", - деп жазды Черчесов. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Stanislav Cherchesov (@stanislav.cherchesov.official)

Айта кетейік, БАҚ футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қызметінен кететіні туралы ақпарат тарата бастады. Алайда 24 желтоқсанда федерацияның баспасөз қызметі мұны жоққа шығарды.

Федерация қазіргі таңда Станислав Черчесов Ұлттық құраманың бас бапкері қызметін жалғастырып, Қазақстан футбол федерациясымен келісімшарт бойынша жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, осы жылы қазанда Алматыдағы Словениямен ойыннан кейін ресейлік маманға журналистердің бірі сұрақты қазақша қойды, ал Черчесов оны "Сен қазір французша сөйлеп жатсың ба?" деп бөліп тастаған.

Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Бәрменқұлов ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тіліне қатысты әзілі үшін қандай шара қолданылғаны туралы айтты.

"Первый спорт" телеграм-каналының хабарлауынша, Черчесовке 147 мың рубль немесе 738 400 теңге айыппұл салынды, бұл - 200 АЕК.

Кейінірек Станислав Черчесовтің өз СЭ-ге берген сұхбатында қазақстандық журналиске берген жауабына қатысты пікір білдірді.

Ал осы жылы қарашада Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Бәрменқұлов сыннан кейін ұйымның президенті қызметінен кеткені белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан