Бастауыштан БЖБ мен ТЖБ алып тастала ма? Министр мән-жайды айтты

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "бастауыш сыныптардан БЖБ мен ТЖБ алып тастала ма?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеунік әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның сөзінше, Оқу-ағарту министрлігі бастауыштағы бағалау жүйесіне байланысты халықаралық тәжірибені зерделеп жатыр.

"Қазір әлемде бастауыш білім жүйесінде бағалау дәл біздікіндей кеңінен қолданылмайды. Бізде 2-сыныптан бастап БЖБ, ТЖБ балаларды бағалауды бастайды. Мұның мәні неде? Бастауышта бала оқуға, сабаққа келуге бейімделеді, қарым-қатынас жасауға үйренеді. Бастауыш - баланың білімге деген қызығушылығын дамытатын ең өзекті кезеңдердің бірі. Сондықтан бұл уақытта баланы күйзеліске түсіріп бағалау емес, оқуға деген қызығушылығын арттыруға көңіл бөлу қажет. Бұл арада бір нәрсені нақты біліп тұрмыз. Формативті бағалауды қалдырғымыз келеді. Бала қалай түсініп жатыр, бір минутта оқи ала ма, оқыған дүниесін түсініп, түйсіне ала ма? Мұны бағалау қажет. Бірақ әрбір пәннің бөлімдері бар. Біздің ойымызша, сол бөлімдерге бақылау жасап, оны бағалап, тоқсанның аяғында да бақылау жасап, бағалау бастауышқа әлде де ертерек. Сондықтан бүгінде бастауыштағы барлық пәндегі бөлім бойынша бағалауды (БЖБ), тоқсан бойынша бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесін кеңінен талқылап жатырмыз", - деді ол.

Министрдің айтуынша, бұған тағы бір себеп бар.

"Бастауышта сабақ беретін мұғалімдер барлық пәннен БЖБ, ТЖБ-ны тексерген кезде мыңдаған парақты тексереді. Бұл мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесіне әкеп соғады. Бұл уақытта мұғалімдер балалармен академиялық жұмыс істейтін еді. ...Мәселені тамыз кеңесінде кеңінен талқылаймыз", - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Еске салайық, бұған дейін де Оқу-ағарту министрлігі мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тарту мәселесін қарастырып жатқаны, олардың орнына бақылау жұмыстары енгізілуі мүмкін екені хабарланды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!