Семейде шаһардың бас жоспары бекітілмей жатып жұрт наразылығын туғызды. Жоба бойынша алдағы 15 жылда қаладағы саяжайлар сүріліп, орнына көпқабатты үйлер бой көтеруге тиіс. Алайда бұл шешімге саяжай тұрғындары түбегейлі қарсылық білдіріп, үйлерін заңдастыруды талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, бау-бақша бірлестігіне салынған баспаналары нарық құнынан тым арзанға бағаланып жатыр. Сондықтан жұрт сүрілмей тұрып елдімекен статусын беруді талап етіп жатыр. Шаһардың жаңа әзірленген бас жоспарына сәйкес, Шығыс пен Бобровка кенті көркейтіледі. Саяжайлардың орнына қаланың сыртымен өтетін жол түсіп, зәулім үйлер бой көтереді. Алайда саяжайға үй салып, қысы-жазы сонда тұратындар жалғыз баспанамызды бұзғызбаймыз деп наразы. Ұлардай шулаған жұрт атқамінерлер қара халықпен санаспады деп ашулы. Тіпті маңдай терімен салынған үйлерінінің тым арзанға бағаланатынын да айтып отыр. Астанадан келген мамандар саяжай жұртын сабырға шақырып, жаңа бас жоспармен таныстырып әлек.
Олардың айтуынша, 2040 жылға дейін көне қала көркейеді.
"Семейдің 2040 жылға дейін бас жоспары әзірленді. Қазір халықпен қоғам талқылауы өтіп жатыр. Саяжайлар бойынша ең үлкен өзгерістер Бобровка, Восточный сол және оң жақ саяжайлар да болады. Саяжайдың барлығы сүріледі. Орнына бес және 9 қабаты тұрғын үйлер салынатынын айтты", - деді "Астана бас жоспары" ғылыми-зерттеу жоба институтының маманы Гүлден Ортай.
Әкімшілік қызметкерлері қыркүйекте саяжайларды заңдастыруды тоқтатып тастаған. Енді жұрттың жаппай наразылығынан кейін, салынған баспаналарға құжат жасауға қайта рұқсат беріп отыр. Алайда шенеуніктер саяжайға елдімекен статусын беру "талапқа сай келмейді" дейді.
Кеңес дәуірінен қалған Бобровка, Мирный, Мұрат және Шығыс кентіне қарасты саяжайларға жұрт қоныстанып алған. Тұрғындардың жүргізген есебі бойынша, шамамен саяжайларда 30 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Тіпті бау-бақша бірлестіктеріне білім ошақтары мен мешіттер де салынған. Ал баспаналардың сүрілу-сүрілмеуі әлі де басы ашық күйінде қалып тұр, өйткені қаланың бас жоспар әлі толық бекітілмеген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!