Қазақстанда баспана кезегінде тұрғандарға үй беру тәртібі жеңілдеуі ықтимал. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында ведомство басшысы мұндай ұсыныс қаралып жатқанын жеткізді.
"Өткен аптада тұрғын үй кезегін оңтайландыру бойынша Үкімет заңнамаға енгізілген түзетулерді талқылап, Мәжіліске жіберді. Біз кезекті басқаруды ұлттық даму институтына беруді жоспарлап отырмыз. Ол - "Отбасы банкі". Қазір бұл нұсқа қызу талқыланып жатыр. Осылайша, банк баспана кезегін басқарумен айналысады. Нәтижесінде бұл кезек толық цифрландырылады.
Мысалы, біз тұрғын үй комиссиясынан бас тартқымыз келеді. Олар тұрғындарға баспананы беруді үлестіріп, тиісті шешімді қабылдап отыр. Біз түсінікті және нақты ережелер болғанын қалаймыз. Мысалы, қабылдайтын түзетулердің бірі адамдардың 20 жыл (тұрғын үй - еск.) кезекте тұрмауына қатысты. Мұндай жағдай болғанын қаламаймыз", - деді Қанат Шарлапаев.
Министрдің айтуынша, бүгінде заңға тиісті түзетулер енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
"Түзетулердің бірінде жеңілдік берілетін келесі құрамға өтпес бұрын бір жыл ішінде басымдық берілген барлық топ бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етілуі керек деп жазылған. Біріншіден, бұл (тұрғын үй - еск.) кезек саны төмендеуін көздейді. Екіншіден, кезекті бөлу принципі мен үйді тезірек алу маңызды. Себебі адамдар өз пәтерлерін 10-15 жыл күтпеуі керек", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың тұрғын үй алуға кезегі жылжуы мүмкін екені хабарланған еді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Глэмпинг деген не?
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!