Баспана бағасы арзандай түседі

2017 жылдың наурыз айында Қазақстанда үй бағасында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Дегенмен, сарапшылар бағаның сәл төмендегенін алға тартады.

Homsters.kz сарапшыларының пікірінше, наурыздағы бағаның төмендеуі біркелкі болған жоқ.

Мәселен, Астана қаласынад баға 0,2 пайызға түсіп, шаршы метрдің орташа бағасы 332,9 мың теңге болса, Алматыда 1,3 пайыз арзап, 345,5 мың теңге болды. Ал Шымкенттегі арзандау деңгейі 0,7 пайызды құрап, 194,3 мың теңгеге тұрақтады.

«Ақпан айымен салыстырғанда бағаның тұрақталуы байқалады. Өйткені ақпанда шаршы метрдің бағасы 2-2,5 пайызға дейін төмендеген. Оған себеп сол кездегі доллардың теңгеге шаққандағы бағамының төмендеуі. Жалпы, ол кездегі бағаның төмендеуі 2015 жылдан бергі сақталып келе жатқан үрдістің жалғасы еді”, – дейді сарапшылар.

Олардың айтуынша, аймақтардағы бағаның әртүрлі арзандау сол өңірлердегі баспанаға деген сұраныстың әсері болуы керек. Өйткені, Астанада сұраныс жоғары болғандықтан, мұүндағы баға да айтарлықтай арзандаған жоқ.

Сонымен қатар, халықтың ақшалай табысының өзгеріссіз қалуы да бағаға кері әсерін еткен боулы тиіс.

«Жаңадан салынған үйлердегі баға өзгеріссіз қалды. Өйткені, қазіргі таңда халық арасында жаңа үйлерге деген сұраныс жақсы. Екінші бір фактор, құрылыс компаниялары кішігірім өзгерістерге бола өздерінің табыстарын жоғалтқысы келмей, бағаны бірқалыпты ұстап тұрды”, – дейді сарапшылар.

Ал сәуір айында сарапшылар жаңа үйлердің бағасының тұрақты сақталып, қайталама нарықтағы үйлер бағасының 0,6-0,8 пайыз арзандауы мүмкін екенін жорамалдайды.

Жыл соңына дейін үй бағасы Қазақстан бойынша 7-10 пайызға арзандауы тиіс.

naryk.kz