- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баспана алуға көмектесемін...
Баспана алуға көмектесемін деп алдаған астаналық алаяқ ұсталды
Астанада баспана алуға көмектесемін деп тұрғындарды сан соқтырған алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы аудандық полиция қызметкерлері бірқатар алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 32 жастағы елорда тұрғынын анықтады.
Әйел ақшалай сыйақы үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға тілек білдірушілерге көмектесуге уәде берген. Астаналық әйел азаматтарға пәтер сатып алуға жәрдемдесетінін жеткізіп, сенімді байланыстары бар екенін айтып, жалған әңгімелерімен сенімге кірген.
Қазіргі таңда полицияға алданып қалған 4 азамат жүгінген. Жәбірленушілердің бірі оның баспана алу құжаттарын тездетеміз деген сөзіне сеніп, оған 1 миллион 750 мың теңге төлеген. Тағы бір жағдайда әйел дәл осылайша 3 миллион теңгеге жуық шығынға батқан. Пәтерлерді алу мәселесі күмән тұдырған соң, зардап шеккендер оны күтпестен полицияға хабарласқан. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның елордада осыған ұқсас қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина