Жаңалықтардан шаршадыңыз ба? Ендеше, әлеуметтік желілерден демалыңыз! Көптеген жұлдыздар мен блогерлер digital-детокс жариялап тұрады. Бірі 1-2 күнге үзіліс алса, басқалары жылдап жоғалып кетеді. Миллиондаған оқырмандары бар жұлдыз болмасаңыз да, әлеуметтік желілерден үзіліс алу кез келген адамға пайдалы екенін біле жүріңіз.
1. Жақсы ұйықтайсыз
Смартфонсыз төсекке жататын адам жоқ шығар?! Алайда жасанды жарық бізге ұйықтап кетуге көмектесетін мелатонин бөлінуіне кедергі жасайды. Сондықтан егер әлеуметтік желілерден демалсаңыз және ұйықтар алдында лента ақтармасаңыз, жылдам ұйықтап кететініңіз анық.
2. Айналаңыздағы адамдармен араласасыз
Әлеуметтік желілер – достарыңыз бен туыстарыңыздың өмірі жайлы хабардар болып тұруға көмектесетін жақсы құрал. Алайда егер оған көп уақыт бөлетін болсаңыз, жақындарыңызбен қарым-қатынасыңызға қауіп төнеді. Егер әлеуметтік желілерден үзіліс алсаңыз, айналаңыздағы адамдармен араласуға көбірек уақыт бөлесіз.
3. Босаңсуға көмектеседі
Әлеуметтік желілерден бас тарту мазасыздықпен күресуге көмектеседі. Көпшілік адам өздерін әлеуметтік желідегі парақшасына келген хабарламалар мен хаттарға жауап беруге міндетті санайды. Сол үшін де күйзеліске ұшырайды. Ал олардан бір күн болсын демалу адамның психологиялық жағдайын жақсартады.
4. Бірдеңені өткізіп алу синдромынан арыласыз
Әлеуметтік желілерде көп отыратын адамда бірдеңені өтікізіп алу синдромы пайда болады. Ол телефонға қарамаса, маңызды жаңалықты естімей қалудан, біреңені білмей қалудан қорқып, әлеуметтік желідегі парақшасын тексере береді. Егер детокс жасасаңыз, өзіңіздің өміріңіз де қызықты екенін түсіне бастайсыз.
5. Басқа шаруаларға көбірек уақыт табылады
Адам әлуметтік желіге кірген кезде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Егер парақшаңызды уақытша өшіріп тастасаңыз, қосымша бос уақыт пайда болады. Оны серуендеуге немесе жаттығу жасауға пайдалануға болады.