Әлеуметтік желіде курсын сатып алсаңыз, үйде отырып ақша табатыныңызға кепілдік беретіндер көп. Күніне 5 мыңнан бастап табыс табатыныңыз туралы уәде беріледі, ақша алынады, ал мұның рас-өтірігін ешкім тексермейді. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі үйде отырып, онлайн ақша табу қаншалық мүмкін екенін анықтап көрді.
Мұндай кәсіп түріне сұраныстың артуына қазақстандық блогерлер де атсалысып отыр. Instagram желісіне кіріп қалсаң, түрлі жарнамадан көз ашпайсың.
Ашық жарнамалардан бөлек, үйден шықпай-ақ, баюға көмектесетін адамдарды іздеп көрдік. "Онлайн ақша табу" деп жазған бойда бірден он шақты парақша шықты.
Massaget.kz тілшісі парақша иелерімен байланысқа шығуға тырысты.
Мәселен, halal_tabyss парақшасының иесі Сая өзін осы кәсіппен 4 жылдан бері айналысып келе жатқан 25 жастағы қыз ретінде таныстырды. Оның айтуынша, айлық табысы шамамен 1 миллион теңге. Үйден шықпай, айына осындай үлкен қаражат табу кез келген адамды қызықтыратыны анық.
"Бұл онлайн-кәсіп, ешқандай желілік маркетинг емес, қаржы пирамидасы емес, косметика сатпаймыз, адам тіркемейсіз. Жұмыс барысын өзім үйретемін, қолыңызда телефон немесе ноутбук болса жеткілікті. Өзім осы кәсіп арқылы айына миллионнан жоғары табамын. Курс арқылы өзіңіз үйреніп, қызмет көрсету арқылы күніне 40-50 мың теңге таба аласыз немесе осы курс-пакетін сатып, табыс таба аласыз", - дейді ол.
Ол сонымен қатар курс арқылы ақша табатыныңызға кепілдік берді.
"Курсты толығымен оқысаңыз, сізге осы кәсіптен күнделікті табыс табатыныңызға 100 пайыз кепілдік бере аламыз", - дейді ол.
Бұл курстың бағасы 6 мың теңге, жеңілдікпен 3 мың теңге. Ішінде 20 тақырыптық сабақ бар.
Осы секілді курс сататын тағы бір парақша - diana_cotirova.97. Оның сөзінше, бұл онлайн жұмыс.
"ЖК кәсіп, SMM мамандары, Egov қызметтері секілділерді естіген боларсыз. Фотоскриндегі менің бүгінгі табысым, 17 мың теңге. Егер сіз студент немесе бір жерде жұмыс істейтін болсаңыз да онлайн жұмыс көп уақытыңызды алмайды, есесіне, ақша табасыз. Өзім де алғашында сенбегенмін, қазір шүкір, үйде отырып ақша тауып отырмын", - деді ол Massaget.kz тілшісіне.
Үйде отырып, табысты болатыныңызға кепілдік беретіндердің мына хабарламасына қарап, сеніп қалатындар да жоқ емес. Өйткені бірнеше жылдан бері баласымен үйде отырған аналар, денсаулығына байланысты тұрақты табысынан айырылғандар, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ студенттер мен оқушылар мұндай арбауға жиі түседі. Дегенмен жіті зерттеу арқылы "уәде бергіштердің" бір ақпаратты айналдырып, бір-біріне сату арқылы ақша табатынын түсінуге болады.
Адвокат Альбина Бахтиярқызының айтуынша, бұл мәселеде тұтынушының құқығы сипатына қарай екі түрлі жолмен қорғалады.
1. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң. Бұл заң азаматтардың сатып алатын өнімдері мен қызметтерінің сапасына кепілдік береді. Егер курс сапасыз немесе жалған ақпаратқа негізделген болса, тұтынушы ақшасын қайтарып алуға құқылы. Алайда бұл үшін сатып алынған курс және оның шарттары бойынша дәлелдемелер қажет.
2. Алаяқтық туралы заң. Егер курсты сатушылар жалған ақпарат таратып, тұтынушыларды алдаса, бұл алаяқтық деп саналады және Қылмыстық кодекстің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес жауапкершілікке тартылады. Көбіне екі не одан көп жәбір көрген азаматтар болса ғана тәжірибеде қылмыстық іс қозғап жатады.
"Әлеуметтік желіде онлайн-курс сату кеңінен тараған, кейде алаяқтық сипаттағы курстар да кездеседі. Алаяқтық туралы заңда көбіне екі не одан көп жәбір көрген азаматтар болса ғана тәжірибеде қылмыстық іс қозғап жатады. Осыған байланысты мейлінше көбірек дәлел жинау қажет. Мәселен, шарт немесе ақша аударылғанын дәлелдейтін түбіртек, хат алмасулар. Оған қоса курстың сапасы төмен екені жөніндегі дәлелдер", - деп ескертті Альбина Бахтиярқызы.
Адвокат курс сатып алып, табысты боламын деп алданған азаматтарға нақты нұсқаулық ұсынды.
"Сондықтан курс сатып алу кезінде оның заңдылығына көз жеткізіп, сатушы туралы ақпаратты тексерген жөн", - деді адвокат.
Осы тұста Massaget.kz тілшісі білімін шыңдап, жаңа дағды үйрену үшін курс сатып алғысы келетіндер төлем жасамас бұрын курсты қалай таңдап, неге мән беру керегін диджитал-маркетолог Диана Мәліктен сұрады.
Маман ең алдымен бір курстың бірнеше сатылымда жүруіне қатысты пікір білдірді.
"Бұл курсты сату заңға қайшы. Біріншіден, бір адам дайындаған курсты, екінші адамға сатуға болмайды, оны тек курс авторы сатуға құқылы. Екіншіден, инфобизнес дегеніміз тауар емес. Оны бір адамнан алып, екіншісіне сату тиімді болады деп ойламаймын. Тіпті сіз оны сатып, табыс таптым дегеннің өзінде, оның артында дұрыс емес маркетинг жатады, басқаларды алдауыңызға тура келеді", - деді ол.
Сондай-ақ маман қоғамда мұндай жағдайдың неліктен көбейіп кеткенін түсіндірді.
"Негізі мұндай жағдайдың көбеюінің екі себебі бар. Біріншісі, адамдардың жеңіл ақша табуға деген құлшынысы, екіншісі, адамдарда критикалық ойлау жүйесінің болмауы. Мысалы, маркетолог ретінде айтатын болсам, біз белгілі бір өнімді сатқан кезде мақсатты аудиторияға ден қоямыз. Студентке "Сен әлі студент болып, бір шәкіртақыға күн көре алмай жүрсің бе? немесе декреттегі анаға "Үйде отырып дамымай қалдың ба?" деген сияқты олардың әлсіз тұсын пайдаланып, оларды тартуға тырысамыз. Бұлай назарды сапалы курстар да аударуы мүмкін, ал кейін курстың сапалы не сапасыз екенін қалай анықтаймыз?
Жалпы ақша табу үшін адам мәселені шеше алатын болуы қажет, яғни белгілі бір дағдыларды үйрену керек болады. Оны үйрететін адам кім? Курсты дайындаған адам кім? Ең алдымен осы сұрақтарға жауап берген жөн. Егер эксперттің сіз таңдаған салада тәжірибесі мол болса, жеке дағдылары арқылы жоғары нәтиже көрсеткен болса, курсты сатып алуға болады", - деді ол.
Диджитал-маркетологтың айтуынша, бүгінде көп жағдайда курс сатудың басқа да әдістері тарады.
"Мен үй алдым, көлік алдым, сен де дәл осылай істей аласың" дейді. Бірақ ол көлікті курсты сатқанының арқасында алып отырғанын түсіну қажет. Егер эксперттің курс сатқанға дейінгі көрсеткен нәтижесі жақсы болса, беделді компанияда жұмыс істеп, дәл сол дағдыларының арқасында жақсы пайда көрген болса, ол эксперттен курс алуға болады. Ал егер инфобизнес арқылы үй, көлік алған болса, "сен де мендей бол" десе, бұл жерде міндетті түрде критикалық ой жүйесін қосу қажет", - деп түсіндірді маман.
Диана Мәлік сонымен қатар адамдардың пікірін талдаған дұрыс екенін айтады. Оның сөзінше, курс сатып отырғандардың парақшасына кірсеңіз, олар міндетті түрде оң пікірлерді жариялайды. Алайда ол курстың жақсы әрі жылдам сатылуы оның сапасына кепілдік бермейтінін ескертті. Бұл тек маркетологтардың еңбегінің жемісі. Сондықтан пікірді оқыған кезде, оның бәріне сенудің қажеті шамалы. Оның орнына курсты оқыған адаммен жеке байланысқа шығып, керек сұрағыңызға жауап алған дұрыс.
"Тағы бір мәселе - мақсат тек ақша табу болмауы керек. Өзіңізден мен қандай проблеманы шешіп, ақша таба аламын деп сұрауыңыз керек. Осыдан кейін сіз қай сала арқылы табысты бола алатыныңызды түсінесіз. Мысалы, үйде отырып қандай жұмыс істеуге болады? Фриланста IT, дата аналитика, маркетингпен айналысуға болады. Осы мамандықтар туралы өз бетіңізше ақпарат жинап, танысып алу қажет", - деді ол.
Диджитал-маркетолог курс сатып алатын кезде мән беретін тағы бір дүние - курстың түсірілген мерзімі 6 айдан немесе бір жылдан кем болмауы шарт екенін жеткізді.
"Өйткені үйде отырып жұмыс істейтін мамандықтардың көпшілігі үздіксіз дамиды. Мысалы, сіз дата-аналитика туралы 2 жыл бұрынғы курсты сатып алсаңыз, кейбір дағдылар тәжірибеде пайдасын тигізбейді", - деп түсіндірді ол.
Бұған қоса маман инфобизнестегі алаяқтардың бірнеше белгісін атады.
Курсты алаяқ сатып отырғанын білдіретін белгінің біріншісі - курс авторы жасырын болуы. Егер курс белгілі бір менеджер немесе адамдар арқылы ғана сатылатын болса, ол сапасы өте нашар бір сатылымнан екіншісінде жүрген курс болуы мүмкін.
Екіншісі - ешқандай келісімшарт, құжаттың болмауы. Себебі тұтынушы ақшасын қайтарып алғысы келуі мүмкін.
"Курстан кейін ақшаның астында қалатыныңыз туралы кепілдікті көп курс авторы бере бермейді. Егер беріп жатса, ең бастысы, келісімшартты мұқият оқып шығу керек. Ол құжаттың ішінде бір шарт болуы мүмкін, ол сіздің назарыңыздан тыс қалса, салдарынан сізге ақша қайтарылмауы ықтимал. Сондықтан кепілдік берілетін кез келген курс авторы тұтынушымен келісімшарт жасауға міндетті", - деп қорытындылады маман.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!