Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жыл басынан бері өңірде 550-ден аса адам Қазақстан азаматтығынан айырылғаны тіркелген. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған.
Сонымен қатар, кейбір азаматтар елге кіру және Қазақстан аумағында болу кезінде әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалану мақсатында қазақстандық құжатты қолдана берген.
Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған.
Ал 9 азамат Қазақстан паспорты немесе жеке куәлігін пайдалана берген.
"Осындай деректің бірі облыс орталығында анықталды. Көші-қон қызметінің қызметкерлері 64 жастағы әйел басқа мемлекеттің азаматтығын алғанына қарамастан, бұл туралы уақтылы хабарламағанын және Қазақстан құжаттарын пайдаланғанын анықтады. Тексеріс нәтижесінде оның қазақстандық құжаттары тәркіленіп, Қазақстан азаматтығын жоғалтқаны тіркелді", - деді ІІМ өкілдері.
Қазақстан заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы көші-қон қызметіне белгіленген мерзімде хабарлап, Қазақстанның паспорты мен жеке куәлігін тапсыру қажет. Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!