Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар бір қарағанда өздігінен қозғалатын қара түсті белгісіз затты видеоға түсіріп алғаны туралы ақпарат тарады. Желі қолданушыларының айтуынша, бұл кез келген көлемге, пішінге ене алатын және әртүрлі түстерге боялатын тірі қара материя. Мұның бәрі жалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, бұл - қара материяға немесе белгісіз материалдарға қатысы жоқ ескі фейк. 2015 жылы ол алғаш рет "Қолмен құрастыру" атты YouTube арнада жарияланған және "Ұялы телефон магниттік рудаға қалай әсер етеді" деп аталған. Видео авторының айтуынша, сөйлесіп тұрған телефонды магниттің жанына қойса, онда магнит қозғалып, түрлі пішіндерге енеді. Бұған видео хостинг комментаторлары да, бұқаралық ақпарат құралдары да сенбеді. YouTube-та адамдар магнит үгіндісі жатқан қағаз парағының астында магнит бар деп жазды. Сондай-ақ, видеода қағаз қозғалғаны анық көрінетін сәттер бар.
Kp.ru порталының тілшілері магнит үгінділерімен және телефонмен жасалған тәжірибені қайталамақ болған. Бәрі ашық болуы үшін олар бірден үш түрлі телефонды қолданған - iPhone 6, Sumsung смартфоны және түймелері бар телефонның ескі моделі. Олардың ешқайсы магнит үгінділерін қозғалта алмады.
Белгісіз тірі қара материяға келсек, ол ғылымға қарсы. Ғалымдардың пайымдауынша, қара материя шынымен болады, бірақ ол тірі емес және көрінбейді. Қара материя - ғаламның шамамен 80 пайызын басып тұрған, бірақ жарық шығармайтын немесе сіңірмейтін, электромагниттік өзара әрекеттесуге қатыспайтын гипотетикалық зат. Демек, оны көру мүмкін емес және сарапшылар оның бар екенін тек пайымдап отыр.
Әлеуметтік желілерге арнап видео түсіру үшін бұл гипотетикалық заттың бір бөлігін алып, жерге әкелу мүмкін емес. Олай болса, тараған ақпарат - ғылымға қарсы жазбасы бар ескі фейк видео. Мұндай жазбаларға сенбеген жөн.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!