2024 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтар жан басына шаққанда орта есеппен 16,5 келі жеміс-жидекті тұтынған, бұл – 2023 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 5,3% көп, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жемісті ең көп Алматы тұрғындары тұтынған. Жан басына шаққанда 20,5 келі, жылдық өсім – 13,9%. Көшбасшы өңірлердің үштігіне Маңғыстау облысы (20,3 келі, -5,2%) және Астана (20,2 кг, +7,4%) кірді. Абай және Атырау облыстары, сондай-ақ Шымкент тұрғындары жемістерді аз жейді.
"Ең танымал жеміс алма болды. 2024 жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққанда орта есеппен – 4,2 келі. Екінші және үшінші орындарда банан мен құлпынай. Жан басына шаққанда – 1,7 келі және 832 грамм. Қазақстандықтар арасында қарбыз, мандарин, апельсин, өрік, шабдалы, шие танымал", – деп хабарлады Energyprom.
World Population Review-тің 2020 жылғы кейінгі деректері бойынша ҚР-да бір адам небәрі 55 келі жеміс тұтынады, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 63,1 келі болған. 2020 жылы Қазақстан әлемдегі 185 елден 130-орында тұрған.
Кариб теңізіндегі Доминика – мемлекет рейтингінде көшбасшы болды, онда жеміс тұтыну жан басына шаққанда жылына 387,3 келіге жетті. Екінші және үшінші орындарды Доминикан Республикасы (358 келі) және Гайана (298 келі) иеленді.
ТМД елдері арасында Арменияда жылына жан басына шаққанда орта есеппен 119,3 келі жеміс, Өзбекстанда – 103,9 келі, Әзербайжанда – 93,5 келі, Беларусьте – 78,6 келі, Молдовада – 71,3 келі, Ресейде – 62,2 келі, Украинада – 55,3 келі тұтынады. Қазақстан тек Түрікменстан (51,6 келі), Тәжікстан (38,9 келі) және Қырғызстаннан (27,7 келі) асып түсті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!