"Өзінің бұл ауруға шалдыққанын азаматтар түрлі жағдайда қабылдап жатады. Өмірден түңіліп, дәрігерлерге қарсы дау шығаратындары да бар" дейді Атырау облыстық ЖИТС (СПИД) орталығы директорының орынбасары, эпидемиолог Гүлнар Омарова - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«Өзінің АИТВ инфекциясын жұқтырғанын көп адам ауыр қабылдайды. Әсіресе, ер адамдармен салыстырғанда, әйел адамдар жағы күйзеліске түсіп кетеді. Мұндайда науқастармен психолог мамандар жұмыс істейді. Әсіресе, әйел адамдар күйзеліс жағдайға жиі түседі. Сынаманың нәтижесіне сенбей, зерттеу жасаған мамандарға жала жауып, шу шығаратындары да бар. Жұмысымда қиындық жоқ. Маған қиыны - сынаманың оң нәтижесі туралы хабарды науқасқа жеткізу» дейді эпидемиолог-маман Гүлнар Омарова.
Әңгіме арасында дәрігер осыдан он шақты жыл бұрын орын алған оқиғамен бөлісті.
«Бірде орталығымызға қан талдамасын тапсыруға жас жігіт келді. Анализ қорытындысы онда АИТВ сырқаты бар екендігін көрсетті. Үйленгеніне жыл толмаған жігіт екен. Бізден өзінің сырқатқа шалдыққаны туралы хабарды естігеннен кейін қатты абдырап қалды. Мұндайда біз науқасқа уақыт береміз. Бір апта ішінде ол өзінің сырқат екендігі туралы хабарды жолдасына жеткізуі керек. Өйткені, біз оның жолдасын да тексерістен өткізіп, ем тағайындауымыз керек. Арада апта өткеннен кейін жас жігіт бізге қайта келді. Жұбайына естірте алмағанын айтып қиналды. Оның үстіне, отбасын бұзып алғысы келмейтінін де айтып, жыламсырады. Амал жоқ, іске өзіміз араласып, жұбайын орталыққа алғыздық. Оған күйеуінің сырқатқа шалдыққанын жеткіздік. Жас келіншек айғай шығарып, жылап, біраз отырды. Кейін өзінен сынама алуға рұқсатын берді. Қан сараптамасы ол келіншектің де АИТВ ауруына шалдыққанын көрсетті. Оның үстіне, жас келіншек жүкті екен. Келіншек өмір сүргісі келмейтінін айтып жылады. Сөйтіп, бұл жұппен психологтарымыз ұзақ жұмыс істеді. Біздің мамандар жүргізген кешенді емнің нәтижесінде келіншек дені сау баланы өмірге әкелді. Олар әлі де есепте тұрады. Тұрақты ем алып жүр. Жақында бұл отбасы екінші сәбимен толықты. Ғажабы сол, екі сәбидің де дені сау болып өмірге келді. Міне, осындай кешенді жұмыстар қатерлі дертті белгілі бір деңгейде ауыздықтауға, оның таралуының алдын алуға белгілі бір деңгейде оң ықпалын тигізеді» дейді эпидемиолог Гүлнар Умарова.
Айта кетелік, қазіргі уақытта Атырау облысында АИТВ инфекциясын жұқтырған 308 адам есепте тұр. Олардың 188-і ер адам, 120-сы әйел адамдар. Әйел адамдардың арасында жүкті аналар да бар.
Эпидемиологиялық зерттеулер қатерлі дерттің жұғуының 88,5 пайызы жыныстық жолмен берілгенін көрсетіп отыр. 4,9 пайыз жағдайда сырқат есірті заттарын иньекциялық жолмен қабылдау арқылы таралған. Бұл өте қауіпті тенденция.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде 80 миллион адам осы қауіпті дертті жұқтырған. Бүгінде соның 32,7 миллионы осы дерттен көз жұмған. Ал, Қазақстанда СПИД тіркелгелі бері, қауіпті дерттен 13 698 адам қайтыс болған.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!