Алматыда мемлекеттік бағдарламамен жарты жыл бұрын жалдамалы пәтерге өтініш бергендер әлі күнге дейін үймен қамтылмаған. Тіпті тізімі де шықпаған. Жастардың сөзінше, үш жылға берілетін жалдамалы пәтер биыл ұзақ қаралып жатыр. Өтініш жолдап қойғандар соның кесірінен тұрғын үйге қатысты басқа да бағдарламалардан "құр қалдық" деп шағымданып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
35 жасқа дейінгі жастардың жалдамалы пәтерге өтініші былтыр желтоқсанда қабылданған. Алматы қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысуға екі жарым мыңға жуық жас өтінім беріпті. Олардың айтуынша, бір айға жуық уақыт ішінде құжаттары қаралып, пәтеріне орналасуы керек болған.
"Заңға сәйкес жастар саясаты ережелері бекітіліп, 30 жұмыс күні ішінде Алматы қаласының басқару органы жұмыс істейді. Бүгінгі күнтізбеде 12 маусым. "Кезекте" сайтында 7 ай бойы әлі де өңделіп, қаралып жатқан 34 өтініш бар. Бірақ басшылық байланысқа шықпайды және жауап бермейді. Әлі пәтерлер дайын емес дейді. Балалы отбасылар көп болғандықтан, біз үшін тізім алу маңызды. Жаңа оқу жылында кім қайда тұратынын шешу керек", - дейді Дана Қинаятова.
"Алты ай өтті, әлі нәтиже жоқ. Үш мыңнан аса адам құжат тапсырды. Әлі күнге дейін мәселе неде екенін айтпады. Ай сайын, апта сайын тұрғын үй басқармасына хабарласамыз. Қаңтарда, ақпан айында қорытынды шығады, наурызда кілтті аласыз деді. Ал наурыз айында, сәуірде нәтиже шығады деді", - дейді Назерке Советбекова.
Сабина Жұбанышова - екі баланың анасы. Жақында үшінші сәбиін күтіп жүр. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып жүргеніне төрт жыл болыпты. Баспаналы болсам деген үмітін үзбеген ол биыл да бағын сынап көрген.
"2023 жылғы желтоқсанда қайтадан конкурс басталған болатын, сол конкурсқа қатыстық, алайда ол конкурстың жауабы шықпағанына алтыншы ай болып жатыр. Қоңырау шалған кезде көбіне бізге "әр айдың соңы", "әр айдың ортасы шығады" деп айтады. Бірақ үнемі әртүрлі жауап айтады, көбіне қоңырауды алмайды өзіміз осы жерге келуге мәжбүрміз. Түрлі себеп айтады, біресе "үй дайын емес", біресе "жаңадан өзгерістер енгізіліп жатыр" дейді", - деді ол.
Ал әкімдік өкілі маусымның соңына дейін шешіледі деп сендірді.
Айта кетейік, Алматыда жалға алаушыларға 2100-ге жуық пәтер беру жоспарланған.
"2023 жылы желтоқсанда жастарға арналған жалдамалы пәтер бойынша конкурс өткізілді. Нақты кезеңде 2100 пәтер өзінің басқару балансына қабылданып болғаннан кейін біздің жоспар бойынша осы айдың аяғына дейін конкурс нәтижелері бойынша ақпарат ұсынамыз. Бағдарлама бүгінде Астанамен Алматы, Шымкент қалаларында ғана қол жетімді. Өзгерістерге сәйкес бұдан былай пәтерлер бес емес, үш жылға беріледі. Ал баспананы жалдау ақысы айына 15 мың теңгеге дейін", - дейді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Дулат Ашкенов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!