Қазақстанның халық әртісі, танымал опера әншісі Майра Мұхамедқызы күйеуі екеуінің басынан өткен сынақ жайлы айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы ол журналист Дана Нұржігітке берген сұхбатында әңгімеледі.
Майра Мұхамедқызы 18 жасында жолықтырған жары Ақсан туралы ішкі сырын айтты. 20 жыл бойы сәби сүйе алмаған отбасы үлкен қиындықтарды бастан өткерген. Әнші жарының парасаттылығы жайлы ерекше әңгімелеп берді.
"Ол сондай парасатты адам. Жүрегі кең, тап-таза жан. Менің бір риза болатыным - 20 жыл баламыз болмаған кезде мен оған сөз берген болатынмын. "Өліп кетсем де саған бала туып беремін" дедім. "Әйел ретінде саған қарызбын" дедім. "Егер бала туа алмасам, басқа әйел алып кетуіңе болады. Махаббатымды қиямын" дедім. Ол баланы Алла беретінін айтып, мәңгі менімен бірге болуға уәде берді. "Сен тастамасаң, мен сені тастамаймын" деді. Мен сөзімде тұрып, қыз тудым", - дейді Майра Мұхамедқызы.
Сондай-ақ жұбайының оған әрдайым қолдау білдіретінін, үнемі өнеріне асқан сыйластықпен қарайтынын айтты.
"АллаТағала саған сондай үлкен дарын берді. Сен ақылды әйелсің, сұлусың, дарындысың, талантсың, еңбекқорсың. Егер сенің арманыңа жетуіңе мен кедергі болсам, сенің барлық күнәңді мойныма алып кеткендей боламын. Менің миссиям да сол шығар. Қызым екеуіңді армандарыңа жеткізсем, мен бақыттымын" дейді ол маған. Ол кез келген нәрсені жан жүрегімен істейді. Ешқашан "шаршадым" деген емес. Барлығын махаббатпен істейді. Осы жігітті Құдай маған өнер жолыма қорған болсын деп берген шығар деп те ойлаймын", - деп қосты Майра Мұхамедқызы.
Айта кетейік, Майра Мұхамедқызы - 1969 жылы 5 мамырда Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Ол халықаралық деңгейде танылған сопрано дауыс иесі. Қазақ опера өнерінің жарқын өкілі және көптеген беделді опера сахнасында өнер көрсеткен. Майра Мұхамедқызының ерекше вокалдық шеберлігі, сахналық харизмасы және ұлттық өнерге қосқан үлесі оны Қазақстанның мәдени мақтаныштарының біріне айналдырды.
Биыл Мемлекет басшысы Республика күніне орай Майра Мұхамедқызын және өзге де мәдениет майталмандарын "Қазақстанның халық әртісі" атағымен марапаттаған болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!