Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы мектеп бітіру кештерін бақылауға алуды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл 3,9 миллионнан аса оқушы оқу жылын тәмамдаған, оның ішінде 215 мыңнан астамы - мектеп бітіруші түлек. Депутаттың пікірінше, мектеп бітіру - әр азаматтың өміріндегі маңызды белес, бұл күн ең алдымен білімге құрметтің, ұстаз еңбегін бағалаудың және жаңа өмірге қадам басудың символы болуға тиіс.
"Алайда кейінгі жылдары мектеп бітіру рәсімі тәрбиелік мазмұнынан алыстап, әлеуметтік бәсекенің, дарақылықтың және орынсыз даңғазалықтың көрінісіне айналып бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Биылғы соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат көліктен құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережесі өрескел бұзылды. Алматы қаласында мектеп түлектерінің кортежіне байланысты 21 баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты насихаттаған видеосы кеңінен тарады", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, мәселе тек көлік кортеждерімен шектелмейді.
"Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс: мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды. Әлеуметтік желіде жүздеген гүлден құралған композициялар, қымбат сыйлықтар мен салтанатты рәсімдер қалыпты жағдай ретінде көрсетілді. Өкінішке қарай, мұндай бәсеке көптеген отбасыға ауыр психологиялық және қаржылық қысым түсіргені анық. Кейбір ата-аналар баласы қатарынан қалмауы үшін қарыз алуға, бөліп төлеуге гүл немесе сыйлық алуға мәжбүр болғаны ашық айтылып жатыр. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі", - деді ол.
Осыған орай депутат мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді сұрады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз