Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Берік Асылов еліміздегі заң үстемдігінің жай-күйі және қадағалау органдарының басым бағыттары бойынша атқарған жұмыс қорытындылары туралы баяндады, криминогендік жағдай және қылмыстық-құқықтық саладағы азаматтардың конституциялық қақын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жөнінде есеп берді:
Прокуратура актісі бойынша 136 лауазымды тұлға жауапқа тартылған; прокурорлар инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың 712 шешіміне келісім бермеген; инвестициялық жобаларға қолдау көрсету барысында "прокурорлық сүзгіні" пайдалану өз тиімділігін көрсеткен".
Жалпыұлттық пулға енген жобалардың жүзеге асырылуын қадағалауға мүмкіндік беретін Цифрлы инвестициялық платформа белсенді қызмет атқарып келе жатқаны айтылды; қоғам назарын аударған бірқатар қылмыстық істі тергеу барысы жөнінде мәлімет берді.
Қылмысқа қарсы күресте цифрлық технологияларды жаппай енгізу жөнінде баяндады. Атап айтқанда іздеуде жүрген азаматтарды "ақылды" бейнекамераның көмегімен табу (іздеуде жүргендер саны 9,4 пайызға азайды) тәсілі жолға қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң және тәртіп" қағидасын іске асыру, барлық салада заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, есірткі бизнесімен күрес, қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша құқық қорғау мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметін үйлестірудің маңызын жеткізді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!