Бүгін Бас Прокурор Жақып Асанов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Осы сапар аясында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақтың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жобасы басталатын болады, деп хабарлайды Baq.kz
- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бас Прокурор Ақтөбе...
Бас Прокурор Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесті
Бұл іс-шараға мәдениет және спорт, ұлттық экономика, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, ақпарат және коммуникациялар, қаржы, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым, инвестициялар және даму, ішкі істер, әділет, дін және азаматтық қоғам жөніндегі министрліктер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Терорризмге қарсы Республикалық Орталық, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қазақстан халқының Ассамблеясы, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, Ақтөбе облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП, «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы, «Бәйтерек», «ҚазАгро» холдингтері мен үкіметтік емес ұйымдар тартылған.
Облыс жұртшылығы алдында сөз сөйлеген Ж. Асанов алдағы іс-шаралардың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Олар - түсіндіру жұмыстары, бизнесті дамытуға, азаматтардың әлеуметтік проблемаларын шешуге көмек көрсету, дін мәселелері, азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерін террористік қауіп кезінде әрекет етуге үйрету. Нақты іс-қимыл жоспары бар. Әр бағытқа вице-министр немесе орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары басшылық етуде.
Ж.Асанов атап өткендей, бұл жергілікті қызметтерге тексеріс жүргізу емес, нақты проблемаларды бірігіп шешу. Оның пікірінше, кешенді шараларды қабылдау азаматтардың мемлекет қамқорын сезінуі үшін мемлекеттік органдардың нәтижеге бағытталған жұмыс жасауына үйретеді.
Бір ай ішінде еліміздің мемлекеттік органдары мен мемлекеттік емес ұйымдарының үздік мамандары облыс тұрғындарына әлеуметтік, қаржылай, медициналық, идеологиялық және басқа да маңызды мәселелер бойынша көмек көрсетеді.
Жақып Асанов жоба аясында азаматтарға көрсетілетін жекелеген көмек түрлерін айтып өтті. Солардың ішінде азаматтарға жұмысқа, мекетептерге, балабақшаларға орналасуға жәрдемдесу. Құжаттарды қалпына келтіру, зейнетақы мен жәрдемақы рәсімдеу, мүлікті тіркеу кезінде көмек көрсету.
Қаржы секторының мамандары микробизнес түрлері, мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсінікті түрде ақпарат беріп, өз ісін ашуға
көмек көрсетеді. Сонымен қатар бухгалтерлік, кедендік және салық қызметтерін көрсету түрінде қаржылай емес қолдау көрсетілмек.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, ауыл әкімдеріне бизнес-идеялар туралы ақпарат беріліп, оларды оқытатын болады. Отбасылық бизнес түрлері, оларды жүргізу құпиялары, сондай-ақ бизнестің қарапайым есеп-қисабы қамтылған әртүрлі әдістемелік құралдар мен пайдалы ақпараттық материалдар таратылады.
Тұрғындардың денсаулығы да назардан тыс қалмайды. Республикалық клиникалардың дәрігерлері аймақта азаматтарға қабылдау жүргізіп, оларға кеңес береді, күрделі оталар жасайтын болады. Жергілікті дәрігерлерге тексеру мен емдеудің үздік әдістерін үйретеді. Заманауи медициналық техникамен жабдықталған «Саламатты Қазақстан» пойызы елді-мекендерде адамдарды қарап,тексеретін болады.
Облысқа еліміздің жан-жақты дайындалған діни мамандар келіп, дін мәселелері бойынша семинарлар мен дәрістер өткізетін болады.
Аймақтағы соңғы трагедиялық оқиғаларды ескере отырып, терорристік қауіпке қарсы күрес бойынша ең ауқымды жұмыс жүргізілетін болады.
Тұрғындарға теракт болу қаупі немесе оның іске асуы кезінде өзін және жақындарын қорғау бойынша негізгі ережелер түсіндіріледі. Мектептер, вокзалдар, ауруханалар қызметкерлерімен жаттығу іс-шаралары жүргізіледі.
Ұлтаралық келісім мен халық бірлігі тақырыптары бойынша жаппай мәдени, спорттық және басқа да іс-шаралар өтеді.
Жұмыс сапары аясында Бас Прокурордың облыс кәсіпкерлерімен, үздік оқушылармен және студенттермен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен және ардагерлерімен кездесулері, сонымен қатар аймақтың бизнес қауымдастығы өкілдерін жеке қабылдауы жоспарланған.
Дереккөз: baq.kz
T. Кіршібаев