- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бас прокуратура:...
Бас прокуратура: Күдебаевтың көзінше оның қарамағындағылар адамдарды ұрып-соққан, бу үтікті қолданған
Бас прокуратура Серік Күдебаевқа тағылған айыптарды егжей-тегжейлі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Талдықорған сотының үкімімен Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезеңінде ауыр зардаптарға (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) және азаптауларға (146-бабы 2-бөлігі) әкеп соққан билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, полиция генерал майоры арнайы атағынан айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Серік Күдебаев Қазақстан Республикасы Конституциясының, Мемлекет басшысының "Төтенше жағдай енгізу туралы" Жарлығының, "Құқық қорғау қызметі туралы" және "Ішкі істер органдары туралы" заңдарының нормаларын бұзып, сондай-ақ ведомствоішілік бұйрықтар мен арнайы жоспарлардың талаптарын орындамаған. Шабуыл белгілері болмаған жағдайда, төтенше жағдай кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің орнына, Серік Күдебаев жеке құрамға ғимараттан кетуге және үйлеріне тарауға заңсыз бұйрық беріп, қызметкерлердің райын қайтарған. Жергілікті жердің коменданты ретінде жедел штабтың тиісті жұмысын және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша уақытылы шаралар қабылдауды қамтамасыз етпеген", - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, салдарынан Талдықорғанда хаос басталған. Сауда үйлері мен бизнес нысандары тоналған. Банкоматтар мен супермаркеттердің дүңгіршектер қиратылып, облыс әкімдігі, "Нұр Отан" (қазіргі Amanat) партиясы ғимараттарына шабуыл жасап, өртеді.
"Қылмыскерлер құқықтық тәртіп күштері болмаған кезде полиция департаменті мен Талдықорған полиция басқармасының ғимараттарын басып алды, олардың 500-ге жуық қаруы мен 28 мыңнан астам оқ-дәрісін ұрлаған, олардың бір бөлігі әлі табылған жоқ. Мемлекетке, азаматтарға және кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 5 миллиард теңге болды. 2022 жылғы 7-16 қаңтар аралығында оның үнсіз келісімімен Полиция департаментінің ғимаратында 23 азаматқа қатысты жаппай азаптау қолданылды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Серік Күдебаевтың көз алдында оның қарамағындағылар департамент аумағында жеткізілген адамдарды ұрып-соққандығы бейнекамераларға жазылған. Психикалық және физикалық зорлық-зомбылықпен, сондай-ақ бу үтікті қолданумен қатар жүретін тыйым салынған тергеу әдістерінің салдарынан аталған азаматтардың денсаулығына әр түрлі дәрежедегі зиян келтірген.
Серік Күдебаевтың кінәсі қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық дәлелденді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан