Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов Астанадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде болған жағдайға байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап бере отырып ол: "Менің білуімше, іс материалы сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелді, қазір тергеу жүріп жатыр. Кез келген іс прокуратураның бақылауында жүргізіледі", - деді ол.
Тілшілер Бас прокурордың орынбасарынан шенеуніктің баласы делінген күдікті Тұрагелдиевтің ісінің әкесіне әсері бар ма деп сұрады.
"Мен сіздерге артық ештеңе айта алмаймын. Ішкі істер органдары сәйкес тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Олар тергеу аяқталды деп шешкенде іс материалы прокуратураға жолданады, кейін оны сотқа жібереміз", - деді ол.
Еске салайық, осыған дейін Астана қалалық аймақтық ішкі істер басқармасының мәліметінше, 14 қыркүйекте ІІД жедел басқарма орталығының 102 қызметінің пультіне 21 жастағы қыз хабар беріп, елордадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының біріндегі кинотеатрда шу шығарып, дене жарақатын салғанын мәлімдегені хабарланған еді. Айта кетейік, бұл оқиғаның видеосы 14 қыркүйекте таралған.