Бас жүлде – 30 млн теңге: Қазақстанда тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесі өтеді

26 тамызда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев елімізде «Ұлы Дала Жорығы» атты тұңғыш республикалық ат марафон-бәйгесі өтуі туралы видеоүндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтитын тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны.

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының «Қазанат» ипподромында 100 шабандоздың қатысуымен марафонның салтанатты ашылуы болады.

18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтеді.

Соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы Дала Сарбазы» атағы мен 30 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2-ші және 3-ші орын иегерлері сәйкесінше 20 000 000 теңге және 15 000 000 теңге жүлделерімен марапатталады.

Айта кетейік, 17-29 қыркүйек аралығында «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесі аясында БАҚ өкілдері үшін арнайы «Ұлы Дала Жаршысы» көшпенділер пресс-туры өткізіледі.


Іріктеуден өткен 10 қатысушы марафонның бағыты бойынша жүріп өтіп, Ұлы Даланың мәдени тұрмысына қанығады, Орталық және Оңтүстік Қазақстанның географиясы, экономикасы, топонимикасы т.б жайлы құнды ақпарат алады.

Пресс-тур қатысушыларына төмендегілер ұсынылады:

«Ұлы Дала Жорығы» марафон бағытымен 1200 км;
• Қазанатпен 100 шақырымдық тест-драйв;
• 12 күн Ұлы Дала көшпендісінің тұрмысын кешу;
• «Ұлы Дала Жаршысы» медалі;
• Ұлы Дала тарихы мен мәдениетін зерделеу;
• Көшпенділер стилінде далалық фотосессия және т.б.
Марафон уақыты бойымен пресс-тур қатысушылары бивактарда тұрғылықты жерлер мен азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.

Пресс-турға қатысу үшін өтініштер press@qazanat.com электрондық поштасы арқылы қабылданады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!