Алматыда Наурыз мерекесіне орай қаланың көрнекі безендірілуінің үздік дизайнына конкурс жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы "Наурыз мейрамы - 2023" шарасына арналған ең үздік визуалды безендіру дизайнына конкурс жариялады.
"Байқауға қатысу үшін қаланы билбордтармен безендіру бойынша түпнұсқа тұжырымдамасын әзірлеу және оны альбом түрінде ұсыну қажет: альбом стилистиканы, түс схемасын және билбордтардың дизайнын қамтуы керек. Жұмыс салмағы 20 мегабайттан аспайтын PDF форматында қабылданады, бастапқы файл CorelDraw (қисық) бағдарламасында жасалуы керек", - делінген хабарламада.
Өтінімдерді қабылдау 31 қаңтардан басталып, 20 ақпанға дейін жалғасады. Үздік жұмысты 21 ақпанда Дизайнерлер одағының, Суретшілер одағының, Алматы қаласы жоспарлау және урбанистика басқармасының, сондай-ақ Алматы қаласы мәдениет басқармасының өкілдері кіретін жұмыс комиссиясының мүшелері таңдайды. Байқау нәтижелері Алматы қаласы мәдениет басқармасының ресми сайтында жарияланады.
Ең үздік дизайн қаланың жарнама алаңдарында орналастырылады.
1-орын үшін жүлде қоры 1 миллион теңге, 2-орын үшін 500 000 теңге, 3-орын үшін 300 000 теңге.
Ұсыныстарды альбом түрінде almatymadeniet02@gmail.com электрон поштасына жіберу керек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!