“Бас жаратын нан“. Тергеу изоляторындағы видеодан кейін тексеріс басталды

“Бас жаратын нан“. Тергеу изоляторындағы видеодан кейін тексеріс басталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Атыраудың уақытша тергеу изоляторында қызметтік тексеріс жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Атыраудағы тергеу изоляторында түсірілген видео тарады. Видеода белгісіз адам "бас жаруға болатын" қатты нанды көрсетіп, жарма ботқасы бола ма?" деп сұрайды. 

Ол күнде бір тамақ берілетініне шағымданып, "тергеу изоляторындағы тамақ желім сияқты", - дейді. Сонымен қатар видео авторы айналасын да көрсетеді.

Қамауда отырған адамның айтуынша, видео 15 қарашада түсірілген.

"Әкімшілік тергеу изоляторы камераларының жағдайы мәз емес екенінен хабардар, бірақ қайта-қайта берген арыз-шағым мен хаттарға көңіл бөлмей отыр", - дейді видеодағы ер адам.

Тергеу изоляторы аумағында ұялы байланысқа тыйым салынған, алайда бұл видео қалай түсірілгені белгісіз.

Атырау облысы ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу изоляторының камерасында белгісіз күдікті тамаққа арыз айтып, мекеменің ішкі жағдайын көрсететін видео түсірген. 30 қарашада бұл дерек бойынша қызметтік тексеріс басталды.

"Жауапты тұлғалар анықталғаннан кейін заң аясында тәртіптік шаралар қолданылады", - деді ҚАЖД баспасөз қызметі өкілі.

Еске салайық, бұған дейін қамауда отырған қазақстандық тергеу изоляторындағы қымбатшылыққа шағымданды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова