"Барыс" хоккей командасының ойыншылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, оны әлеуметтік желілерде жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде жарияланған бейнероликте команда капитандары бастаған ойыншылар мұз айдынында тұрып, бұрынғы бас директор Нұрлан Оразбаевқа қолдау сөздерін білдіреді. Осыдан бір күн бұрын "Барыс" клубының баспасөз қызметі Нұрлан Оразбаевтың қызметінен кеткені туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын.
"Біз "Барыс" хоккей клубының ойыншылары, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа "Барыс" клубының бас директоры Нұрлан Сайранұлы Оразбаевты қызметінен босату туралы шешімге байланысты өтінішпен жүгінеміз. Нұрлан Сайранұлы – "Барыс" клубының қалыптасуындағы іргелі тұлғалардың бірі. Біз оған толықтай сенеміз және оның кәсіби біліктілігіне күмәніміз жоқ. Оның басшылыққа келуімен клуб жүйесінде жергілікті ойыншыларды дамыту бағытына ерекше көңіл бөлінді. Осы маусымда клуб жүйесінде рекордтық сандағы қазақстандық хоккейшілер ойынға тартылды", – делінген хоккейшілердің мәлімдемесінде.
Ойыншылардың айтуынша, олар әрқашан Нұрлан Оразбаевтың қолдауын сезініп келген.
"Біз толық сенім мен қолдауды сезінеміз. Бұл сенімнің алдағы уақытта "Барыс" клубына да, Қазақстан ұлттық құрамасына да пайдасы тиеді деп есептейміз. Нұрлан Сайранұлы – шынайы қазақстандық хоккей жанашыры. Ол әрқашан бізге жанкүйер болып, барынша қолдап жүреді. Ол әрбір жаттығуымызға қатысып, дайындық процесінде белсенділік танытады. Біз мұны бағалаймыз және қолдауын анық сеземіз", – деді спортшылар.
Айта кетейік, осыған дейін "Барыс" клубының жасөспірімдер командасы маусым соңына дейін өз есебінен ойнайтыны белгілі болғаннан кейін, ата-аналар да Президентке үндеу жасаған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет