- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баршаңызды мақтан етемін...
Баршаңызды мақтан етемін - Тоқаев Қазақстан әйелдері туралы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, салтанатты жиында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше екенін айтып, сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді.
"Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз "Жер-ана", "Отан-ана" ұғымдарымен тығыз байланысты. "Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді" дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан "Толық адамға" тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. "Әділетті Қазақстанды" құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Жастарға салынған қаражат – ең ұтымды инвестиция" екенін атап өтіп, қоғамдағы әйелдердің рөліне ерекше тоқталды.
"Қазір қыздарымыз әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істейді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, тәрбиеші, тігінші және басқа да мамандық иелері бар. Халықаралық жарыстарда көк туымызды биікке көтерген спортшы аруларымыз да аз емес. Қаншама қыз-келіншектер бизнеспен айналысып, мыңдаған адамға жұмыс ұсынып отыр. Мен баршаңызды мақтан етемін! Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әйелдер әділ, дана әрі тапқыр басшы бола алатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазір шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 42 пайызға жетті.
"Бұл – әйелдер кәсіпкерлігіне мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесі. Былтыр өз кәсібін ашқысы келетін 6 мыңнан астам көпбалалы анаға арнайы грант берілді. Ауылдағы қыз-келіншектер бизнеспен белсенді айналысатын болды. Мыңдаған әйел бизнес жобасын жүзеге асыруға мемлекеттен субсидия алады. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 250 миллиард теңге жұмсалды", – деді Президент.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен Отбасы және гендерлік саясат туралы Жаңа тұжырымдама қабылданғанын, аталған құжат әйелдердің өзін өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағытталғанын атап өтіп, әрбір әйел отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуға лайық екенін айтты.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы "Аруана" үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл марапат әртүрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген іскер әйелдерге он номинация бойынша табысталды.
Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген "Аруана" үздік әйелдер жобасы байқауы жеңімпаздарының тізімі:
1. "Агробизнес саласындағы үздік жоба" номинациясы бойынша – Ақшалова Айгүл Сағымбекқызы;
2. "Үздік IT жоба" номинациясы бойынша – Ақшолақова Фарида Амантайқызы;
3. "Креатив индустрия саласындағы үздік жоба" номинациясы бойынша – Салихова Сәуле Халелқызы;
4. "Жаңа медиа саласындағы үздік жоба" номинациясы бойынша – Нұрғалиева Әсем Болатжанқызы;
5. "Әйелдер мен балалар құқығын қорғау саласындағы үздік жоба" номинациясы бойынша – Бәсенова Несібелі Зариванқызы;
6. "Инклюзив даму саласындағы үздік жоба" номинациясы бойынша – Әлімжанова Арайлым Мағашқызы;
7. "Ғылым және инновация саласындағы үздік жоба" номинациясы бойынша – Деркач Марина Владимировна;
8. "Әйелдер мен балалардың белсенді құқық қорғаушысы" номинациясы бойынша – Ракишева Ләззат Бекмұханбетқызы;
9. "Кәсіпорынның үздік әйел-басшысы" номинациясы бойынша – Төлеева Фатима Набидуллақызы;
10. "Әйелдер құқықтарын қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым" номинациясы бойынша – Рыль Ольга Владимировна.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан