Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алтай - түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы" атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларын құттықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Баршаңызды аса маңызды тақырыпқа - түркі өркениетінің түп-тамырын зерделеуге арналған ғылыми конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қазірдің өзінде халықаралық ғылыми қауымдастық дүние жүзіндегі түрлі елдердің мықты ғалымдары мен зерттеушілерін тоғыстырған осы беделді форумға әлем өркениетінің жылнамасындағы айрықша географиялық және тарихи құбылыс саналатын Алтай мәселесі арқылы түркі дүниесі туралы пікір алмасып, ақпарат бөлісетін бірегей басқосу ретінде назар аударып отыр. Көне замандардан бері барша түркінің алтын бесігі болып келе жатқан Алтай бүгінгі әлемдік ғылымның биігінен терең зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Мұндай кешенді зерттеулер аңғары аңызға толы қарт Алтайдың бауырынан өсіп-өнген күллі түркі жұртының мәдени ықпалдастығын нығайту жолында ауқымды халықаралық диалог орнату үшін де қажет. Бүгінде Алтайдың төрт тарабын Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттері тең жайлап жатыр. Сондықтан мен жақында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинде өткен саммитінде "Трансалтай диалогын" бастау туралы ұсыныс айттым", - деді Президент.
Президент Қазақстан да түркітану ғылымын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын мәлімдеді.
"Еліміздің бастамасымен 2010 жылы Астанада халықаралық түркі академиясы ашылды. Бұл мекеме түркі тілдес және басқа да елдердегі белгілі сарапшылардың ғылыми әлеуетін ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей орталыққа айналды. Біз Алтай аймағындағы мемлекеттермен ғылым-білім саласындағы байланысымызды кеңейтуге баса мән береміз. Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар мен институттар табысты жұмыс істеп тұр. Белгілі ғалымдардың халықаралық ұжымы көп ұзамай жарыққа шығатын Қазақстанның академиялық тарихының екінші томына өз үлесін қосып жатыр. Бұл еңбекке түркология саласындағы ең соңғы жаңалықтар да енгізіледі. Бәріміз күш біріктіріп, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін дәріптеу жолында көп жұмыс тындырдық. Дегенмен атқаратын шаруа әлі де көп. Біз түркі дүниесі туралы білімімізді кейінгі ұрпаққа мирас ету үшін оны жүйелей түсуіміз керек", - деді Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!