Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылынан саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген азаматтардың сүйегі табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қазір қазба жұмысы жүргізіліп жатқан аумақта 2018 жылы 56 адамның денесі табылған. Олар 1 метрден сәл ғана асатын тереңдікте көміліпті. Тағы да осы аймақтан адам сүйектері табылып отыр.
"Үш-төрт домалақ көзілдірік табылды. Мүштік, теріден тігілген мәсі бар. Жай адамдардың заттары емес. Бір-біріне қатып қалған, салмағы 1-2 келі гильза бар. Бәрінің желкесі тесік", - деді Жаңалық ауылының тұрғыны Мұрат Қырғызбайұлы
50-ден аса адамның денесі табылған жерде ресми зерттеу енді ғана басталған. Археологтар атылған адамдарды топ-тобымен осы маңға тастағанын болжап отыр.
"Ресей, басқа да посткеңестік мемлекеттерде іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын алғаш зерттеп отыр", - деді зерттеу тобының аға ғылыми қызметкері, археолог Бауыржан Бейсетаев.
Әр жылдары табылған сүйектердің сақталу деңгейі де әртүрлі. Қырға көмілген денелер сайдағылармен салыстырғанда, әлдеқайда жақсы сақталған. Мұның бәріне ауа температурасы мен жердің ылғалдылығы әсер ететін көрінеді.
"Үш-төрт күн бұрын осы жерде барлау жасадық. Алматы өзенінің сол жағынан да, оң жағынан да қазылған ор бар. Негізінен, сол шұңқырды пайдаланып сарбаздар оқу-жаттығу өткізді ме екен деп ойлаймыз. Қараймыз деп белгілеп қойған 20 нүкте бар", - деді зерттеу тобының ғылыми қызметкері Руслан Шербаев.
Ауылдан табылған адам денесі қазір 168-ге жеткен. Биылғы зерттеуде бұл қатарға тағы біршама материал қосылады. Өйткені археологтардың болжамына сенсек, ауыл маңында 2 мыңға жуық репрессия құрбаны жерленуі мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!