“Бәріңді бауыздап тастаймын“. Астанада пышақ ұстап жүрген жалаңаш ер адам жұртты шошытты

Астанада қолында пышағы, ал үстінде іш киімі ғана бар ер адам балалар алаңында жүрген. Оқиға 9 сәуірде болған, куәгерлер оны видеоға түсіріп алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желі қолданушыларының айтуынша, оқиға Петров көшесі, 2-үйдің ауласында болған. Куәгерлердің сөзінше, ер адам айқайлап, айналасындағыларға сес көрсеткен.

Тұрғындар полиция шақырып, ол шамамен 20 минуттан кейін ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша ешкім зардап шеккен жоқ.

Астана Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 39 жастағы ер адам ұсталып, Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізілген.

"Ол қоғамдық тәртіпті бұзып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді полиция.

Сот шешімімен тұрғын 20 тәулікке қамауға алынды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!