Ақтөбедегі Жетесовтер отбасы 18 баланы бауырына басқан. Әлеуметтік желіде танылып кеткен отбасы туралы видеолар тарады. Ақтөбелік Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың бүгінде жалпы 21 баласы бар. Massaget.kz тілшісі балалар үйінен 18 баланы бауырына басқан Амангүл Ешпановамен сұхбаттасты.
Амангүл Ешпанова мен Өмірхан Жетесовтің өзінің үш баласы бар. Одан бөлек, олар 18 баланы бауырына басқан.
"Кез келген адамда аяушылық сезімі болады. Ол сезім оянса, тоқтату мүмкін емес. Өз басым көшеде келе жатып балшыққа былғанып қалған мысықты көрсем де үйге алып келемін. Оны жуындырып, жылы пештің үстіне қойып жылытамын. Әдемі мысық етіп өсіріп, біреуге беремін немесе өзімнің үйімде жүреді. Үлкен кісілерді көрсем де қатты аяп кетемін. Қолымдағы барымды беріп, тамағын сатып алып беруге тырысамын", - дейді 21 баланың анасы.
Сөйтіп, 2008 жылдары Амангүл Ешпанова балалар үйіне шығармашылық топпен көмектесуге барған.
"Сол жерде Света Сайдуллаева деген құрбым жұмыс істейтін. Балалар үйінде кішкентай баланы көтеріп қалып едім, баладан ыстық жылу сездім. Денем қызып кетті. Артынан ол баланы тәрбиешілерге берсем оларға бармай қойды. "Бала неге сіздерге жатырқап, маған қатты жақындап тұр" деп қызығып сұрадым. Олар "Қандай да бір құдырет шығар, сізді жақсы көріп қалған шығар" деді. Балалар үйіндегі жұмысымыз аяқталғаннан кейін баланы қалдырып, кетіп бара жатсам, еңіреп жылап қалды. Үйіме оралғаннан кейін де әлгі кішкентай бала ойымнан кетер емес. Ұйықтап жатсам да сол бала ойымнан кеткен емес. Балалар үйіне қайтадан бардым. Бірақ құрбым жоқ екен, кіре алмай кетіп қалдым. Артынан қайтадан бардым. Әлгі кішкентай баланы құрбым маған көрсетті. Бірақ құрбым мен енді бет албатты кіре алмайтынымды, алғаш рет тек жұмысқа байланысты болғандықтан кіргенімді айтты. Менің көңіл күйім түсіп, құлазып кеттім", - дейді Амангүл Ешпанова.
Амангүл Ешпанованың сөзінше, сол жылдары пайда болған жетім балаларды үйді-үйге орналастыру туралы бағдарлама бала асырап алуға көмек болған.
"Шамамен 2009 жылдары Балалар құқығын қорғау департаментіндегілер сол бағдарламамен бала асырап алатынымды айтты. Әлгі кішкентай баланы алайын десем, ол уақытша бас тартылған бала екен. Артынша, ол баланы басқа жерге ауыстырмақ болған. Бірақ ол көлікке отырғысы келмей, "мені бір апа іздеп келеді, мен осы жерде боламын" деп жылап, кеткісі келмеген екен. Сол кішкентай баланы іздеп, балалар үйінің соңынан қалмадым. Ақыры ең алғаш көріп, құшағыма басқан баланы алдым", - дейді Амангүл Ешпанова.
Кейіннен Амангүл Ешпанова шетелге кетейін деп жатқан қазақ қызын асырап алған.
"Балалар үйінің директорына "бір баланы алып отырмын ғой, екіншісін де қосып аламын, шетелге жібермеңіздер" дедім. Олар ала алмайтынымды айтты. Өзге органдағылар да шетелге кетіп бара жатқан баланы ала алмайтынымды айтты. Бермеді. Бірақ билікке шығып, журналистерді шақыратынымды айттым. Сөйтіп, шетелге кетіп бара жатқан баланы маған беретін болды. Осылайша, екі баламды алып шықтым", - деп әңгімеледі 21 баланың анасы.
Кейіннен Амангүл Ешпановаға 14 жастағы қыз жаза бастаған. Көп ұзамай Амангүл Ешпанова құжат тапсырып, сол қызды да алып кеткен.
"Кейіннен 10-11 бала асырап алғандар бар екенін естіп, олай да бола ма деп ойландым. Құзырлы органдар асырап ала алатынымды айтты. 10 бала асырағым келетінін жеткіздім. Бірақ маған 8 баланың статусы дұрыс деп шығарып берді. Қалған баланың статусы қалай белгіленбегенін түсінбедім. Сөйтіп, қанатымның астындағы асырап алған үш балама тағы 8 баланы қосып, 11 бала тәрбиеме алдым. Бірақ артынан тағы балалар үйіне барып, бір-бірінен ажыратуға болмайтын ағайындыларды көрдім. 7 баланы алып шықтым. Осылайша, 18 баланы асырап алдық", - дейді Амангүл Ешпанова.
Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова тек қазақтың балаларын емес, сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің де баласын асырап алған. Олардың әрқайсы қазақтың ұлттық аспаптарын үйреніп, қазақы тәрбиеленген.
"Бастапқыда қазақтың баласы бақытты болсын деп ойлайтынмын. Кейіннен орыс баласы "менің досым кетіп бара жатыр" деп жылап тұр екен. Сөйтіп, Данил есімді орыс баласын да алып кеттім. Өзге ұлт өкілдерінен 4 баланы бауырыма бастым. Бәрін қазақы тәрбиеледім. Бәрі қазақша сөйлейді. Ұлттық аспаптарда ойнайды. Жарқынай деп атап кеткен Александрам жыршы, термеші, жетігенде ойнайды. Темірхан - Тихон деген ұлым дәстүрлі әнші. Снежана - прима қобызда ойнайды. Өзім де музыка саласында жоғары білім алғанмын. Бірақ қазір балаларымыздың тәрбиесімен айналысамын. Бүгінде шағын ансамбль құрып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың да қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдедім. Олар да адам баласы", - дейді Амангүл Ешпанова.
Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың балалары бүгінде ансамбль ретінде өнер көрсетіп жүр. Былтыр Астанаға сапар жасаған кезінде оларды жергілікті католиктер байқап қалған.
"Былтыр Рим папасының Астанаға сапары кезінде бізді жергілікті католиктер шіркеуіндегілер байқап қалған екен. Олар қол ұшын созып, көмектесіп тұрады. Енді біздің отбасымызды Ватиканға қонаққа шақырып жатыр. Балаларымның құжаттарын жасау керек. Шақырған жерден қалма дейді ғой. Балаларымның каникулы басталған кезде барып қайтамыз ба деп жоспарлап отырмыз", - дейді Амангүл Ешпанова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!