Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке есірткіге қарсы күресті жаңа технологияны қолданып, ірі қылмыстық топтарды ұстап, жаңа Қазақстанда жұмыс істеуге кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында есірткіге қарсы күрес мәселесі талқыланды. Жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов есірткі бизнесімен күресте жасанды интеллект қолданылатынын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жиынға дейін Ішкі істер министрлігі тиісті ақпаратты бермегенін айтты.
"Біріншіден, процедуралық мәселеге қатысты. Мәжілістегі Үкімет сағатында ғана процедуралық құжаттар бізге беріліп отыр. Олар алдын ала берілген жоқ, құжаттармен танысып, дұрыстап дайындалатын. Мен мұндай болмауы керек деп есептеймін. Екіншіден, есірткі – мемлекетке қауіп төндіретін ауыр қылмыс. Ішкі істер министрінің баяндамасына және бізге берілген ақпараттық материалдардан толыққанды талдауды көрмедік. Тек 2022-2023 жылдардағы ақпарат берілген. Соңғы 5 жылда (есіркі қылмысымен күресте – автор) қандай динамика, есірткі (қылмысына) қатысты жасалған талдау жұмыстары жоқтың қасы", - деді ол.
Депутат сөзіне дәлелдер келтірді.
"Бірінші, соңғы 5 жылда есірткінің айналымы көбейді ме, азайды ма? Екінші, соңғы 5 жылда есірткінің қандай түрлері көбейіп, қандай түрі азайды? Үшінші, есірткілер қандай каналдардан келіп жатыр? Ол жақтан (жеткізілетін) есірткінің қандай түрлері мен көлемі қандай? Көбейді ме, азайды ма? Ол да жоқ.
Төртінші, әр өңір бойынша осы талдаулар жасалуы керек еді. Ол жаққа есірткілер қайдан келіп жатыр, көлемі қандай? Ол жақта қандай қылмыс көбірек жасалады? Соңғы 5 жыл бойынша ешқандай ақпарат жоқ. Бұдан басқа кімдер оны пайдаланады? Жас шамасы, қылмыстың түрлері қандай? Мен бізге берілген материалдардағы ақпаратты айтып отырмын. Бесінші, соңғы 5 жылда көрші мемлекеттермен жұмыс қалай атқарылды? (Есірткімен күресте – автор) қандай технологияны пайдаланып жатырсыздар? Олармен бірігіп, қандай іс-қималдар жасалды? Кімдер ұсталды? Ол да жоқ. Мұндай талдау болмағаннан кейін бұл мәселені қалай реттей аламыз?", - деді ол.
Еділ Жаңбыршин есірткі бизнесінің "басшылары" ұсталмай жатыр деген пікірде
"Ең бастысы біз себебі емес, салдарымен күресіп жатқан сияқтымыз. Орындаушылар ұсталады. Бірақ енді соны ұйымдастырып отырған наркомафиялар бойынша бірде-бір атышулы іс жоқ. Сіздер "Есірткі (сатуды) ұйымдастырып жүрген осындай ірі тұлға, бір коза ностра бізде ұсталды, аты-жөні осындай. Оның тобында мың адам болды. Ол осынша тонна наркотикті жасап отырды. Осынша адамды (есірткі қылмысына тартып), ұйымдастырып отырды" деп айтсаңыздаршы. Бірде бір іс жоқ қой", - деді депутат.
Ол елімізде есірткі бизнесімен күрес ұзақ жыл жүргізіліп жатқанын, бірақ нәтиже ойдағыдай емес екенін атап өтті.
"Шынымды айтсам, мен Қазақстанда бірде бір наркомафияның ұсталғанын естіген жоқпын. Бұл не деген сөз? Демек құқық қорғау органдары жұмыс істей алмайды. (Есірткі бизнесін – автор) ұйымдастырушылар солардың ішінде отыр немесе үлкен ресуры бар мемлекеттік жүйеде отырған адамдар деп есептеймін. Бұл – үлкен бизнес. Халықтың денсаулығының, мемлекет қауіпсіздігінің негізінде бизнес жасап отыр. Онда триллондап үлкен ақша айналып жатыр. Мұны реттейтін, жоятын (әдісті ақпараттан) көрмедім... (Есірткі бизнесін – автор) ұйымдастырып отырған гидраның басын шабу керек. Оны шаппай, бұл бос әңгіме болады", - деді Еділ Жаңбыршин.
Депутат ішкі істер министріне кеңес берді.
"Неге (есірткі) каналдары жабылмайды? Кім (есірткі) сатып отыр? Қандай каналдан келіп жатыр? Оның бәрі әлі жұмыс істеп тұр. Бәрін білесіздер. Өтірік әңгіме не керек? Нақты жұмыс істеу қажет. Біз ескі Қазақстанда емес, жаңа Қазақстандамыз ғой. Жаңаша жұмыс істейтін уақыт келді. Болашақ ұрпағымыздың өмірі мен денсаулығымен осылай ойнай береміз бе? Жасаймыз ба, дұрыстап жасайық. Бәрін ұстайық, апарып қамайық. Қандай қатал заң қабылдау керек, біз, Парламент сіздерге жасап берейік...", - деді ол.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз