Алматыда әуежай қызметкерін кепілге алған ер адам бәрін жарып жіберемін деп қорқытқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz-ке оқырмандар жолдаған видеодан ер адам Алматы әуежайының қызметкерін шашынан ұстап тұрып, "бәрін жарып жіберемін" деп айғайлап жатқанын көруге болады.
Тосын оқиға туралы не белгілі?
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушыны полиция мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады. Ол қамауға алынды.
Артынша Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттауды тапсырды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова