Әскерилерді көргенде, ең бірінші назар аудартатын нәрсе - үстеріндегі арнайы форма. Редакцияға жүгінген оқырмандардың бірі әскери қызметкер екенін, алайда мемлекеттен берілетін дәл осы арнайы форма киюге жарамсыз екенін айтады. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге байланысты министрліктерге ресми сауал жолдап, тегін форма бола тұра әскерилер, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері неге өз қалтасынан ақша шығарып, киім тіктіретінін анықтап көрді.
Қорғаныс министрлігінің келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкерінің сөзінше, мемлекеттен берілетін форманың сапасы тым нашар.
"Мемлекеттен берілетін формалар кейде тым үлкен, кейде тым кіші болып келеді. Кейде мемлекеттің берген формасын кішірейтіп тіктіріп аламыз, ол 6-7 мың болады. Біздегі мемлекет тарапынан берілетін формаларды кигің келмейді. Жусаң ағарып кетеді. Форманы Сайраннан, базардан сатып та аламыз. Ал тегін берген формалардың бәрін ауылға, малға, қораға киюге біреулерге беріп жібереміз", - дейді аты-жөнін атамауды өтінген әскери қызметкер.
Сондай-ақ, ол арнайы етіктердің де тым үлкен өлшемде берілетінін, пайдаға аспайтынын айтады. "Кіші болып келсе бас тартамыз, ал үлкен болса шұлғау байлап талай рет кигенбіз" дейді.
Редакцияға жүгінген тағы бір ІІМ қарасты полковник арнайы форманы тіктіруге жекеменшік тігін шеберханасына тапсырыс беріп қойғанын, қыркүйекте дайын болатынын жеткізді. Мемлекеттен келетін дайын форманың олқылықтары көп болатынын айтты.
Әлеуметтік желіге назар аударсақ, кәсіби киім тігетін шеберхана өте көп екені байқалды. Олардың бірінен Ішкі істер министрлігі қызметкерлері мен әскерилердің киімін тігу қанша теңге екенін сұрап көрдік.
Тігіншілер полицейдің сыртқы, жазғы формалары 36 мың теңгеден басталатынын айтты. Бұл орайда киімнің матасына қарай баға өзгере береді екен. Демек, жұмысқа киетін арнайы киімнің өзі біраз адамның қалтасын қағатыны көрініп тұр.
Ал Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері жыл сайын мемлекеттен ақша бөлініп жатқанын, қамтамасыз етіліп жатқанын айтады.
Жылына қанша киім беріледі, биыл қанша адам киіммен қамтамасыз етілген?
Ресми жауапқа сүйенсек, биыл Ішкі істер министрлігінде жаңа үлгідегі киіммен 70 пайыз қызметкерлер қамтамасыз етілген.
Ал Қорғаныс министрлігі мәліметінше, әскери қызметшілер жазғы-қысқы жоспар негізінде 2 рет киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда мерзімді әскери қызметшілерге жылына үш жиынтық жазғы далалық, екі жиынтық қысқы далалық киім үлгілері беріледі. Ведомство биыл да жеке құрам толық қамтамасыз етілгенін, алайда бұл мемлекеттік құпия болғандықтан, жеке құрамның саны нақты аталмайтынын хабарлады.
Жеке тігін шеберханаларына әскерилердің киімін тігуге рұқсат бар ма?
Әскерилер, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері өз қалтасынан қыруар ақшаға киім тіктіретінін ескерсек, тігін шеберханаларының мұндай киімдерді тігуі заңсыз болып саналмай ма? Министрліктер бұл сауалға жауап берді.
"Тігін шеберханаларында дербес жеке тігуге тыйым салынбайды. Полицияның киімі мемлекеттік сатып алу туралы жасасқан шарттардың техникалық ерекшеліктерінің талаптарына және бекітілген үлгілерге сәйкес тексеріледі", - делінген Ішкі істер министрлігі ресми жауабында.
Ал Қорғаныс министрлігі өкілі арнайы тігін шеберханалары жоқ екенін мәлімдеді.
"Киім-кешек тек мемлекеттік қорғаныс тапсырысы арқылы сатып алынады, отандық өндірушілер қоймаларға жеткізеді. Киім-кешекті қабылдау барысында ұлттық стандарттар негізінде тексеріледі және қандай да бір күмән тудыратын жағдайда арнайы зертханаларға тексеруге жіберіледі, - делінген Қорғаныс министрлігі ресми жауабында.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз