"Барлық шығын өз мойнымда". Танымал блогер қалай жұмыс орны мен командасын Дубайға көшірді?

"Барлық шығын өз мойнымда". Танымал блогер қалай жұмыс орны мен командасын Дубайға көшірді?
Фото: Instagram/balkia_baltabay

Танымал блогер, психолог, ментор Балқия Балтабай 3 апта бұрын командасымен жұмыс сапары бойынша Дубайға аттанды. Блогердің айтуынша, жұмыс орнын ауыстырып тұру - өмірге деген көзқарасты өзгертіп, ойлау қабілетін шыңдайды. Оның үстіне, жақында ол Біріккен Араб Әмірліктері астанасынан 3 бөлмелі пәтер алған. Massaget.kz тілшісі бұл жұмыс сапары туралы блогермен сұхбаттасты. 

    "Шығын емес, инвестиция"

    Блогердің айтуынша, ол бұл сапарды бұрыннан жоспарлаған. Ол бұл жұмыс пен демалыс аралас саяхат бірнеше аптаға ғана созылатынын, кейін Қазақстанға оралатынын айтты.

    "Жұмыс сапарын жоспарлау оңай болмады. Бірақ осы арқылы өзімді сынап көруді шештім. Бұл - шынымен, маған да, командама да жаңа деңгей. Бір кездері мен дәптеріме "командаммен шетелде болсақ" деп армандап жазатынмын. Мақсаттарымның бірі еді. Жұмысымыз негізінен онлайн, сондықтан шетелге барып, сол жерден жұмыс істеп көрсек пе деген жоспар бұрыннан болды. Бұл жерге келген әрбір қыздың (командада негізінен қыздар - еск.) өміріне жауаптымын. Себебі олар - бір үйдің үкілеп отырған қыздары. Екі вилла жалдадық. Видеограф, бет әрлеуші, стилистер келді. Сондықтан әйелдерге бөлек, ер адамдарға бөлек үй-жай жалдадық. Әр адамның қауіпсіздігі, сол жақта күн көруі, тамағы, сақтандыру құжаттары, билеті менің мойнымда. Одан бөлек, айлық бар. Мен үшін материалдық жағынан өмірімде болмаған шығын кетті. Мен оған шығын деп емес, инвестиция деп қараймын. Екіншіден, мен сонша адамға жауаптымын. Олардың көңіл күйі, қауіпсіздігі, тату тұруы, ыңғайлы болуына басшы ретінде жауаптымын. Мұның бәріне алдын ала психологиялық жақтан дайындалдым. Алғашында уайымдап, қобалжып та жүрдім. Бірақ қазір бәрі дұрыс, үйреніп кеттік", - дейді блогер. 

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

    Публикация от Балкия Балтабай / ПСИХОЛОГ (@balkia_baltabay)

    Блогердің айтуынша, бір командада 25 қыз бар. Одан басқа, Дубайға фрилансерлер, спикерлер, әрлеушілер келген. Олардың қызметін, ұшағын, аэропорт пен вилла арасындағы трансфер, жатын орнын - бәрін блогер өзі көтерген. Ол ешкімнің қалтасына артық шығын, ауыр салмақ түсірмеуге тырысатынын айтты. 

    Қанша шығын кетті?

    "Шамамен 20-25 миллион теңге шығын кетті. Бірақ біз әлі тұрып жатырмыз ғой. Бұл жерде бір нан - 5 мың теңге (бұл глютенсіз нан түрлерінен, ал ұннан жасалған нан - 1 мың теңге). Ал командада 25 адамдай бар. Әрине, мұнда аспазымызбен келдік, тіпті, Қазақстаннан ет әкелдік. Бірақ күнделікті азық-түлікке 60-100 мыңдай кетеді. Одан басқа, экскурсия, автобус, такси бар. Жолдың өзіне, Dubai Mall (Сауда орталығы - еск.) 150 мың теңге кетті. Бірақ әзір осында боламыз. Сондықтан тағы қанша шығын кететінін білмеймін", - дейді Балқия Балтабай. 

    "Форс-мажор көп болды"

    "Ұшақтан бастап, виллаға дейін жоспарланбаған жағдайлар болды. Екі вилламыздың біреуі дайын болмай, қызметкерлер бір күн үйге кіре алмаған кез болды. Негізінен біз Дубайға түсірілімге (курс сабақтары - еск.) келдік, 3 аптадай тоқтамастан түсірілімдеміз. Арнайы видеографтарды алдырдық. Бірде түсірген видеоларымыз жарамай, бәрін қайта түсіруге тура келді. Ондай жағдайлар болды, бірақ кез келген нәрсенің шешімі бар. Қайта мұндай жағдайлар бізді пісіреді, бізге сабақ болады", - дейді психолог. 

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

    Публикация от Балкия Балтабай / ПСИХОЛОГ (@balkia_baltabay)

    Мүмкіндік бар кезде, неге оны пайдаланбасқа?

    "Әрине, жұмыс сапасы артады. Ойлау деңгейі кеңейеді, шынымен, бұрынғы үйреншікті жерден жаңа жерге келгенде жаңа идея келеді. Трансформация болады. Қыздардың шабыты ашылып, ішкі көңіл-күйі реттелді. Мен "таңнан кешке дейін жұмыс істейсіңдер" деген басшы емеспін. Мүмкіндік бар кезде, неге оны пайдаланбасқа? Әдемлікті көре білген адам, әдемі өнім жасай алатынына сенемін. Оның үстіне, әдемілікті көргендер, сапалы контент жасап, оқырманға жеткізе алады ғой", - дейді ментор.

    "WOW эффект болды"

    Блогердің айтуынша, олар бұрын да командамен бірнеше рет шетелге барған. Алайда мұндай ұзақ сапарға алғаш рет шығып тұр. 

    "Біздің команда қатып қалған қағидамен жүрмейді. Бәрі жаңа нәрсені қабылдауға ашық. Қыздарда Дубайға келгенде "WOW эффект" болды. Негізі бұл бірінші жұмыс сапары емес, бұған дейін Ұмраға, кейін Түркияға бардық. Енді АҚШ-қа, тағы Түркияға барып көреміз бе деген жоспар бар", - дейді ол.

    "Дубайда 5G ұстайды. Біз жалға алған виллаларда да, қонақүйде де 5G. Әрине, біз мұндай келмей тұрып, бәрін алдын ала тексердік. Біздің үй-жай теңіздің қасында, аралда. Қызмет сапасы жоғары, сөз жоқ", - деді Балқия Балтабай. 

    Психологтың айтуынша, ол жақында Дубайдан 3 бөлмелі пәтер сатып алған. Бағдарлама бойынша, әзір салынып бітпеген үйге алдымен 10 пайызын төлеп, кейін үй құрылысы аяқталғанша екі жыл арасында төленіп бітуі керек. Ал пәтер құжатын рәсімдеуде арнайы компанияларға жүгінген. 

    Instagram/korkem.center

    "Төлемегенше бір қызымды ұстап отырды"

    Блогер сапар кезіндегі қызық оқиғаларын бөлісті. Психолог Дубайға алғаш келетіндерге кеңес берді. 

    "Түсірілімнен кейін түнде бір қызым ауырып қалды. Қыздар мені мазаламайық деп өздері жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер ауруды басатын дәрі еккеннен кейін қызмет құнын сұраған ғой. Сөйтсе, ол 4 мың дирхамға шыққан. 4 мың дирхам теңгеге шаққанда 500 мың (496 мың теңге). Қыздардың қалтасында ондай ақша жоқ. Түнде маған хабарласып, сол жерде төлеп, құтылдық. Олар қызмет құнын төлемейінше бір қызымды ұстап отырды. Шок болып қалдық, әрине. Сол кезде сақтандыру құжаты керек екенін түсіндік. Сондай құжат болғанда мұндай шығын болмас еді. Сондықтан Дубайға келерде Қазақстаннан сақтандыру құжатын алу керек. Одан басқа, қыздар жақында кореялық танымал BlackPink тобының концертіне барып қайтты. Қыздардың концерттен алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес", - дейді ол. 

    Посмотреть эту публикацию в Instagram

    Публикация от ПСИХОЛОГИЯ / ИСЛАМ / ДАМУ (@korkem.center)

    Психолог сөзінше, әрбір басшы өзін қалай дамытса, не көрсе, қызметкерлеріне де сондай мүмкіндік беру керек. Айлық  үшін емес, рухани дамыту жағын да ойлауы керек. Сол кезде командасы да, алынбас қамалдай берік, тұтынушыға ұсынған өнімі де сапалы болады.

    Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

    С. Бөлек