"Барлық шығын мемлекеттік бюджет есебінен төленеді." Экс-президенттерге қандай жағдай жасалған?

Massaget.kz тілшісі экс-президенттер өкілеттігін тапсырғаннан кейін оларға қандай жағдай жасалатынына шолу жасады.  

Қазақстан

Бұған дейін Қазақстанда экс-президентте дербес құқық барлық мүлікке, оның ішінде оның отбасы мүшелеріне де қатысты болатын. Ал енді дербес құқық тек экс-президенттерге қатысты болмақ. Тұңғыш президенттің абыройы мен қадір-қасиетіне, мәртебесіне қол сұғылмайды. Ол заңмен қудаланады. 

Әділет министрі Азамат Есқараевтың сөзінше, экс-президенттерге пәтер мен қызметкерлерімен қоса мемлекеттік саяжай, күзет пен автокөлік беріледі.

Ресей 

Ресей Федерациясы президентінің өкілеттігі тоқтаған жағдайда дербес құқыққа ие болады. Ол қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке тартыла алмайды, сондай-ақ қамауға алынбайды, тінту, жауап алу немесе жеке тексеруден өтпейді.

РИА Новости мәліметінше, өкілеттігі тоқтатылған президентке мемлекеттік күзет беріледі. Өзі және отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсету құқығы сақталады. Экс-президенттің өмірі мен денсаулығы федералды бюджет есебінен міндетті мемлекеттік сақтандыруға жатады.

Ресейде экс-президенттердегі дербес құқық өзі алып жатқан тұрғын үй және қызметтік үй-жайларға, өзі пайдаланатын көлік құралдарына, байланыс құралдарына, өзіне тиесілі құжаттар мен багажға, оның хат алмасуына тиесілі болады. Экс-президенттерді дербес құқығынан Федерация кеңесі ғана айыра алады. Оның өзінде Мемлекеттік Дума ұсынған мемлекеттік сатқындық туралы айыптау негізінде дербес құқығы алынады. 

Өзбекстан

Өзбекстанда республика президенті қызметінің негізгі кепілдіктері туралы арнайы заң бар. Бұл заң өкілеттік мерзімі өтіп немесе денсаулық жағдайына байланысты отставкаға кеткен президенттерге де қатысты. 

Өзбекстан президенттерінде де дербес құқық бар. Ол экс-басшыларға өмір бойына беріледі. Бұрынғы президенттер Өзбекстан Республикасы президентінің өкілеттіктерін орындауға байланысты іс-әрекеттері үшін қылмыстық және өзге де жауапқа тартыла алмайды. Оны ұстауға, жауап алуға, іздеуге немесе жеке тексеруге болмайды.

Мемлекеттік күзет те экс-президент пен оның отбасына беріледі. Сонымен қатар, экс-басшылардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол берілмейді және ол заңмен қудаланады.

Фото: Sputnik Узбекистан  

Өзбекстанның экс-президенттері өкілеттігін тоқтатқаннан кейін Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының мүшесі қызметін өмір бойы атқарады. Одан бөлек, ол қанша жаста болса да Өзбекстан Республикасының қазіргі президентінің айлық лауазымдық жалақысының 70 пайызы мөлшерінде өмір бойы алуға құқылы. Одан бөлек, экс-президенттің әйелі жесір қалған жағдайда зейнетақы алуға құқылы болады. 

АҚШ

АҚШ-та әрбір экс-президентке зейнетақы қарастырылады. Ол министрдің жылдық жалақысымен тең. 2020 жылғы жағдай бойынша, ол 219 мың доллар болған. 

Одан бөлек, АҚШ-та президенттің өкілеттігі тоқтағаннан кейін экс-басшыға жабдықталған кеңсе беріледі. Оның шығыны федералдық бюджет есебінен төленеді. Сонымен қатар, АҚШ-тың экс-басшысы мен кеңсесіндегі екі қызметкеріне іссапар шығындарына арналған ақша бөлінеді. Алайда ол жылына 1 миллион доллардан аспауы қажет. 

Фото: Reuters

Елдің бұрынғы басшыларына ұсынылатын ең басты жағдайдың бірі - арнайы қызметтің өмір бойы қорғауы. Экс-президенттердің жұбайларына да осындай жағдай жасалады. Барлық шығын мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.  

Франция 

Франция заңына сәйкес, Республиканың бұрынғы президенттері мемлекеттік кеңесшілердің жалақы деңгейіне сәйкес өмір бойы кепілдендірілген зейнетақыға, дипломатиялық сыпайылық паспортына және Франция Конституциясына сәйкес конституциялық кеңеске мүше болады. Оларға сондай-ақ қызметкер бөлініп, пәтер және кеңсе, басқа да жағдай жасалады. 

Фото: ашық дереккөздерден

Бірақ 2012-2017 жылдар аралығында Францияны басқарған президент Николя Олланд 2016 жылы жүйені реформалайтынын жариялады. Францияның бұрынғы президенттеріне бұдан былай жүргізушісі бар көлік берілмейді және олардың тұрғын үйіндегі қызметкерлер де қысқартылды. Бірақ мемлекеттік пәтер немесе үй бұрынғы шенеуніктер үшін қолжетімді болып қалады. Егер экс-президенттің сапарлары ресми іс бойынша дәлелденсе пойыз билеті де беріледі. Сондай-ақ экс-басшыларға қауіпсіздік қызметкерлері ұсынылады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!