- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Уәделер
“Барлық проблеманы білемін“. Өткен жылы әкімдер қандай уәде берді?
Жыл сайын әкімдер қызметке кіріспес бұрын бірнеше уәде береді. Өңір басшылары серттерінде тұра ма? Бұған дейін қандай жұмыс істелді? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің уәдесі
Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев бұған дейін су тасқынынан зардап шеккендер 100 пайыз баспанамен қамтылды деген. Алайда бірнеше тұрғын баспанада жылу жоғын айтып, шағымданды.
Журналистің айтуынша, су басқаннан кейін барлық тұрғын жаңа баспанамен қамтамасыз етілген. Алайда 60-қа жуық отбасы газ бен жылусыз баспанаға орналастырылғанын айтты.
"Мердігер бәрін уақытылы тапсырды. Бірақ әр үйде жылу бөлек қосылады. Алғашында әр отбасы жылуды қалай қосу керегін білген жоқ, әр отбасыға көмек көрсетіліп, қалай қосу керегі түсіндірілді. Қателеспесем, 29 отбасы. Иә, мұндай жағдай болды, бірақ ол бізге байланысты емес. Баспананы салғандар ғимаратты тапсырды, отбасылар қоныстанды. Жылуға байланысты мәселе шешілді", - деді ол.
Павлодар облысы әкімінің уәдесі
Биыл қаңтарда Павлодар облысы Майқайыңда апат болды. Төрт жолаушысы бар автобус шұңқырға құлап кеткен еді, салдарынан бәрі қаза тапты. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаза болған жандардың отбасыларына өтемақы төленетінін айтты.
"Кәмелетке толмаған балалардың болуы мен олардың жасына байланысты кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 5-10 жыл үшін орташа айлық жалақы мөлшерінде сақтандыру өтемақысы беріледі. "Майқайың-алтын" АҚ бұған дейін бөлген қаражатын бірнеше есеге арттырады, ал жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасыларының несиелері мен коммуналдық қарыздарын өтеуді өз мойнына алады", - деген еді.
Қаза тапқан жұмысшылар отбасына қандай көмек көрсетілді?
- Айдос Шаймерденнің отбасына "Майқайыңалтын" АҚ мен ПВААС-тан 52,6 миллион теңге, отбасының 10,9 миллион теңге несиесі өтелді, Павлодардан 4 бөлмелі пәтер беріліп, кәмелетке толмаған 5 баласына ай сайын 259,6 мың теңге төленеді.
- Сарқыт Бердіқанның отбасына "Майқайыңалтын" АҚ мен ПВААС-тан 39,9 миллион теңге, отбасының 1 миллион теңге несиесі өтелді, кәмелетке толмаған 2 баласына ай сайын 104,2 мың теңге төленеді.
- Олег Тышкевичтің отбасына "Майқайыңалтын" АҚ мен ПВААС-тан 14,9 миллион теңге, отбасының 1,5 миллион теңге несиесі өтелді, кәмелетке толмаған балаларына біржолғы 716 мың теңге төленеді.
- Айып Тілеубергеновтің отбасына "Майқайыңалтын" АҚ мен ПВААС-тан 17,2 миллион теңге, отбасының 14,4 миллион теңге несиесі өтелді, кәмелетке толмаған 1 баласына ай сайын 187,9 мың теңге төленеді.
Әкім парақшасынан
Астана әкімінің уәдесі
Биыл маусымда елордадағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек зардап шеккен пәтерлердің тұрғындарымен кездесіп, ғимарат қасбеті жөнделетінін айтқан еді.
"Rixos Khan Shatyr Residences ТК зардап шеккен пәтерлерінің тұрғындарымен кездестім. Өрт салдарын жою бойынша жұмыс комиссиясын құрамыз. Енді сарапшылар техникалық қорытынды бергеннен кейін біз қасбетті қалпына келтіруге және зардап шеккен пәтерлерді жөндеуге кірісеміз. Өрттің себебін қаланың ТЖД анықтайды", - деді Жеңіс Қасымбек.
Алайда кейін әкімдік ғимарат мемлекет бюджетінен жөнделмейтінін айтты. Бірақ оның себебіне қатысты мардымды жауап болмады.
Әкімдік парақшасынан
Бұдан басқа, ол LRT билеттерінің құны ақылға қонымды болатынын айтып, уәде берді.
Жетісу облысы әкімінің уәдесі
Бұдан 4 күн бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы бос қалған үйлерге қатысты уәде берді. Оның айтуынша, 200 коттедждің 40 пайызында ақау бар, ал 60 пайызы әлі аяқталған жоқ.
"Өкінішке қарай, бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлер жосықсыз болып шықты. Біз олармен екі жыл соттастық. Сот өз шешімін шығарды, кінәлілер жазаланды, материалдық залал өтелді. Қолданыстағы заңнама бойынша жаңа конкурс жариялауға, жобалау-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізуге, мемлекеттік сараптама алуға құқығымыз бар. Кейін бұл үйлерді аяқтай аламыз", - деді ол.
Әкімдік "Береке" құрылысын аяқтауға ниетті екенін, ал 60 коттедж биыл бір аптадан кейін тапсырылады.
"31 желтоқсанға дейін біз 97 коттеджді тапсырамыз. Келесі жылға мәслихат ақша бөлді. Қалған 107 коттеджді келесі жылдың аяғына дейін аяқтаймыз. Келесі жылы бұл даулы мәселе шешіледі деп үміттенемін. Сіздерге уәде беремін", - деді әкім.
Видео кадры
Ақтөбе облысы әкімінің уәдесі
Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен жиында Асхат Шахаров өңірде жол салып жатқан мердігерлерді сынаған еді. Бұл - өңірдегі өзекті мәселе.
"Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жоспарланған жұмыстардың жартысы ғана орындалды. Ал бюджет қаражатын игеру маңызды. Біз қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік шаралар қолданамыз және жосықсыз мердігерлерге де қатысты шаралар қабылдаймыз", - деді Асхат Шахаров.
Әзірге кімге және қандай шара қолданылғаны туралы ақпарат жоқ. Алайда әкім Орталық коммуникациялар қызметінде Ақтөбедегі жол сапасы қашан толық жөнделіп бітетінін айтты.
"Кемшіліктер барын мойындаймыз. Биыл 180 көшеге қатқылтабанды жабынды төсеп бастадық. Барлық проблеманы білемін, қаржыға қатысты мәселе жоқ. Аббаттандыру мәселесін қолға алдық", - деп уәде берді ол.
Алматы әкімінің уәдесі
Алматы әкімі Ерболат Досаев жыл басында алматылықтарға қаладағы тротуарларды жарықтандыруды қалпына келтіруге уәде берген еді. Сот процестерінен кейін жарықтандыру жүйесі қаланың меншігіне қайтарылды.
"Біз былтыр тамыздан бастап белсенді жұмысты бастадық. Біріншісі - Алмалы ауданы, қазаннан бастап қалған жеті ауданның барлығы теңгеріміне жарық ұпайларын алып, жаңғырту мен жаңартуды бастады. Биыл 40 шақырымға жуық желіні ауыстырмақпыз. 5 мыңнан аса жаңа жарық спот жасаймыз. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыруға ғана емес, жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыруға да баса назар аударамыз", - деді Ерболат Досаев.
Бұл уәде орындалды ма?
Қала әкімі тұрғындармен кездесуінде әр ауданда жарықтандырылмаған көшелер барын ашып айтқан еді. Мысалы, Бостандық ауданында 54 көше қараңғы. Ал жылдың аяқталуына 1 ай ғана қалды.
"Бостандық ауданында биыл жыл басынан бері 1 846 шам ауыстырылған. Биыл күзде тағы 267 тірек пен шам ауыстырылды. Осы күзде шамдары бар тағы 267 тірек орнатылады. Сонымен қатар 2024 жылдың аяғына дейін 9 ескерткішке түнгі жарықтандыру орнату жоспарланған", - деген еді ол.
Massaget.kz
Талғар әкімі қандай уәде берді?
Жаңадан сайланған әкім Арыстанбек Әбілқайырұлы сайлауалды бағдарламасында Талғарды дамытуға бағытталған нақты бастамаларды ұсынды:
- экономикалық өсім үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуды және шағын бизнесті қолдау, қалада жаңа кәсіпорындар ашу арқылы жергілікті өндірісті дамыту;
- инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026 жылға дейін 20 көшеге жөндеу жүргізіп, жаңа көпір салу. Сонымен қатар 2028 жылға дейін тұрғындарды таза ауыз сумен толық қамту;
- Әлеуметтік салада тарихи-мәдени мұраны дәріптеу үшін "Талхиз" мұражайын ашу және №2 мектепті күрделі жөндеуден өткізу. Әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесін бақылау;
- Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесін жетілдіру.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек