- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Барлық дерегіңіз ұрланады"....
"Барлық дерегіңіз ұрланады". Қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi желісіне қосылу қауіпті ме?
Кофехана мен қонақ үйлер, қоғамдық орындарда тегін Wi-Fi желісіне қосылу қауіпті. Себебі хакерлер тегін интернет қолданушылардың жеке деректеріне қол жеткізуі мүмкін екен. Сондықтан мамандар қазақстандықтарға қауіпсіздік шараларына аса мән беруге кеңес береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюро 31" арнасына сілтеме жасап.
Сарапшылардың айтуынша, гаджетке антивирустық бағдарлама орнатып, қорғалмаған желілер арқылы қаржылық транзакцияларды жасамаған жөн.
Азамат Телпекбаев жақында кәсіп бастап, кофехана ашқан. Ішіне тегін Wi-Fi орнатыпты. Айтуынша, келушілердің көбісі жұмыс істеп отырып тамақтанады.
"Кофеханада Wi-fi жақсы жұмыс істейді. "Келушілер көбейсін, оларға ыңғайлы болсын" деп әдейі орнаттық. Тегін желіміз ешқандай қорғалмаған. Келушілердің барлығы қосыла алады. Әзірге жеке дерегіне қол сұғып, алаяқтарға ұрынғандар кездеспеді", – деді кәсіпкер Азамат Телпекбаев.
Ал IT саласының мамандары кибершабуылшылар алдын ала тегін Wi-Fi-ды бұзып, дайын отыратынын жеткізді. Қаскөйлер кофехана, мейрамхана, қонақ үй клиенттері интернетке қосылғанда, барлық деректі қолдарына түсіретін мүмкіндікке ие.
"Митм-шабуыл дейміз және домен ауыстырған болуы мүмкін. Сол себепті тегін Wi-Fi-ларды қауіпсіз деп айтуға болмайды. Интернет-банкинг, әлеуметтік желі қолданбаған дұрыс. Қандай да бір сезімтал деректерді жібермеу керек. Тек қана хабарлама жіберіп, Wi-Fi қолжетімділігінен шығу керек", – деді кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының жобалық дирекция жетекшісі Ернат Атанбаев.
Бұдан бөлек хакерлер зиянды бағдарламаны жалпыға ортақ Wi-fi арқылы пайдаланушының гаджетіне енгізе алады. Бұл бағдарламалар тегін желіден ажыратылғаннан кейін де, пайдаланушының жеке деректерін тасымалдағаннан кейін де жұмыс істей береді. Егер құрылғыңыздың жұмыс істеуі баяулап, өздігінен қосылып-өшсе немесе қызып кетсе, демек телефоныңызға вирус кірді деген сөз. Жарнамалар жиі пайда болып, мегабайтыңыз әдеттегіден тезірек азайса, алаяқтардың шырмауына түскеніңізді білдіреді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы