Кейбір салалардағы цифрландыру жөнінен Қазақстан Америкаға қарағанда әлдеқайда озық. Бір жыл бұрын отбасымен мұхит асқан қызылордалық Жасұлан Серіков осындай пікірде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол еліміздегі "Азаматтарға арналған үкімет" жұмысының жақсы жолға қойылғанын атап өтті. DMV - соның АҚШ-тағы баламасы.
"Америкалықтар барғысы келмейтін №1 мемлекеттік орган DMV шығар. Біздегі АвтоЦон, ГАИ, спецЦОН-ға келеді. Керемет тұстары көп, бірақ Қазақстанның ЦОН жүйесімен салыстырғанда бүгін кемшілігі де аз емес", - деп жазды жерлесіміз фейсбуктегі жеке парақшасында.
Ол айтқан кемшіліктер мынадай:
Біріншіден, цифрландыру деңгейі өте төмен. Онлайн кезекке тұру күрделі. Мақұлданған жүргізуші куәлігі 3-4 аптадан кейін ғана пошта жәшігіне келеді (әңгіме Калифорния штатына қатысты, кейбір штаттарда бірден береді). Біздегідей бірден қолына ұстатып жібермейді.
Екіншіден, кезекке адамдар жиі жиналып қалады. Жылдам қызмет көрсетудің ортақ жүйесі жоқ сияқты.
Үшіншіден, анықтама бұрышы, сұрағыңызға жауап бере қоятын қызметкер жоқ. Сұрағыңыз болса, ұзын-сонар кезектің біткенін күтесіз.
"Азаматтарға арналған үкімет" - қалыптасып келе жатқан керемет институт. Сәл ұзап кетсе, шулай кетеміз. Қызметкерлері дереу кері байланыс орнатып, мән-жайды түсіндіріп, оң нәтиже шығарады. Сөйтіп, бізді "еркелетіп" жіберген. Сонда да көңіліміз толмайды", - деді ол.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!