Маңғыстау облысы Қызан ауылының тұрғындары Қылышбек Сәрсенғожин мен жұбайы Маржангүл Жұманазарова - сөйлеу қабілетінен айрылған жандар. Бірақ олар ештеңеге қарамастан еңбектеніп, өздерін дамытқан. Бүгінде бірі - темірден түйін түйген шебер, екіншісі - атақты тігінші, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылышбек пен Маржангүл - 2-топтағы мүгедек. Қылышбек темірден бұйымдар жасаудан алдына жан салмайды. Шелек, күрек, бел, от салғыш, турник сияқты тұрмысқа қажеттінің бәрі оның қолынан келеді.
Оған қоса ол ағаштан да түрлі бұйымдар жасайды. Ал жұбайы Маржангүл қыз жасауын жасап, ұлттық киімнің түр-түрін тігеді.
"Бешпет, камзолдарды бір өлшегеннен тігеді. Тапсырыс берушіні қайта шақырмайды. Өзі - асқан шебер. Келінімнің қабілетін байқап, шеберхана ашып бердік", - дейді қайын енесі Жайшылық Байдуллаева.
Тағдыр тәлкегіне төтеп беріп, еңбектің арқасында жеңіске жеткен жандарды ауылдастары да құрметтейді.
Олар Қылышбек пен Маржангүлдің қолынан шыққан дүниелер сапалы болатынын айтады. Ерлі-зайыпты бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!