"Бәрі қирап жатыр". Жаздайлыққа Алматының субұрқақтары неге құрғақ?

"Бәрі қирап жатыр". Жаздайлыққа Алматының субұрқақтары неге құрғақ?

Алматы тұрғындары кейбір субұрқақтардың жұмыс жасамайтынына алаңдаулы. Жаз басталып, ыстық күнде сая іздеген жұрт Атакент және Әуезов театры алдындағы субұрқақтардың құрғап тұрғанына наразы. Істің мән-жайын Massaget.kz тілішісі анықтады.

Әуезов театры алдындағы субұрқақ

 Әуезов театры алдындағы субұрқақтың қазіргі жағдайы

Қала тұрғындары ең бірінші Әуезов театры алдындағы субұрқақты тілге тиек етті. Екі жылдан бері жұмыс жасамаған субұрқақтың өңі де, суы да қашқан. 

"Мен жақын маңда тұрамын. Қала әкімдігінің субұрқақтарды құрғатып қойғанын көргенде жүрегім ауырды. Неге екені белгісіз, олар Республика сарайына қарама-қарсы алаңды абаттандырды, жаңа алаңда да, ескі алаңда да ерекше субұрқақ тұрғызды. Бірақ олар Әуезов театрының алдындағы мына субұрқақты мүлде ұмытып кетті. Қараңызшы құлап жатыр, жұмыс істемейді. Бәрі қирап жатыр. Қаланың да, әсіресе осы жердің көркін қатты бұзып тұр. Әуезов театры – бірегей және ерекше орын, оған қамқорлық пен сұлулық керек. Өйткені, мұнда қала қонақтары  Қазақстанның мәдениетімен және алаңның сыртқы келбетімен танысу үшін келеді" , -  дейді қала тұрғыны әрі жанашыры Евгения.

 Әуезов театры алдындағы субұрқақ

Театр алдында серуен құрған қала қонақтары да, бұл маңның тозып кеткенін жеткізді.

"Оқу бітіргеніме 25 жыл болды. Студент кезімде субұрқақ та, театр да тіпті мына орындықтар да осындай еді, әлі өзгермепті. Жазда осы жердің ауасы салқын, тамаша болып тұратын. Қазір алаңды бір айналамын деп көк терге түстім. Оның үстіне театр алдындағы бетон төсеніште қызуды қайта бетке ұрады. Дем алып жүру мүмкін емес, - дейді қала қонағы Гүлмира.

Неке қию сарайы алдындағы субұрқақ

 Неке қию сарайы

Субұрқағы істемей тұрған тек бұл жер емес. Көрші тұрған Неке сарайының алдындағы субұрқақ та жұмыс жасамайды. 

"Мұнда жұмыс жасап жатқаныма көп болмады. Бірақ, бұрындары мына жер қаланың ең көрікті орындарының бірі болатын. Жастар, үлкен кісілер, бала-шаға бәрі-бәрі осында демалатын. Әйтеуір, жұмысқа тұрғалы субұрқақтың қосылғанын көрмедім. Жөндеу жұмыстары болып жатыр деп айтқан әйтеуір , - дейді Неке қию сарайының күзетшісі.

Есентай өзені

Тұрғындар "Есентай өзенінің айналасы да қараусыз қалды" дейді. 

"Темирязевтен Төле биге дейінгі Есентай өзені мүлде назардан тыс қалды. Ыстық күнде ол да субұрқақтар сияқты өте маңызды қызмет атқарады. Өзен бойымен салқындап, демалып жүріп қайтқың келеді. Бірақ, күл-қоқысты қираған плитканы көріп жаның ашып кетеді", - дейді қала тұғыны Евгения.

Атакентегі субұрқақ

Атакенттегі демалушылар да жыл басынан бері істеген субұрқақтарды көрмедік дейді. Десе де, субұрқақ өткен жылы тоқтаусыз істеген. Нысан маңында бірнеше жұмысшы жұмыс жасап жүрген еді. Сөзге тартып едік бірнеше қызық фактілерді алға тартты.

"Көбінің жағдайы мүшкіл, жөндеуді қажет етеді. Субұрқақтар жекенің қолында болатын, биылдан бастап әкімдіктегілердің қарамағына өтті. Ондағылар бір-екі рет келіп кеткені болмаса, әзір субұрқақпен айналысар түрі байқалмайды. Мұнда бас-аяғы 5-6 субұрқақ бар. Қазір ешқайсысы да жұмыс жасап жатқан жоқ" , - дейді жұмысшы.

Алматы әкімдігі не дейді?

Мәселеге қатысты Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы жауап қатты. Басқарма есебінше Алматы қаласындағы субұрқақтардың жалпы саны 66 бірлік, оның ішінде 10 "құрғақ" коммуналдық субұрқақ бар екен. Субұрқақтарға қызмет көрсетумен "Eco Almaty" ЖШС мердігерлік ұйымы айналасуда.

Олар субұрқақ қондырғыларының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қызмет көрсету бойынша жұмыстар, субұрқақтар тостағанын күнделікті санитарлық ұстау, тостағандарды мерзімді (кесте бойынша) жуу, іргелес аумаққа жыл бойы күнделікті тазалау жұмыстарын іске асырады.

 Ал, аталмыш субұрқақтарға келсек, олар келер жылы реконструкциядан өтеді екен.        

"Мұхтар Әуезов атындағы театрдың және Атакент паркінің алдындағы субұрқақтар бойынша Басқарма іргелес аумағы бар субұрқақтарды реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатқанын, жоба бекітіліп, мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама алғаннан кейін Басқарма жобаларды іске асыруға бюджеттік өтінім беретінін хабарлаймыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың көктеміне жоспарланған. Сондай-ақ, "Есентай өзенінің жекелеген учаскелерін Әл-Фараби даңғылынан Алматы қаласындағы Рысқұлов даңғылына дейін күрделі жөндеу және жағалауды абаттандыру" жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба бекітіліп, мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама алынғаннан кейін Басқарма жобаларды іске асыруға бюджеттік өтінім береді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2025 жылдың көктеміне жоспарланған" , - делінген Басқарма хабарламасында.

Ескеретін жайт, осыған дейін Басқарма Алматы қаласы бойынша 66 субұрқақтан басқа қаланың коммуналдық меншігіне кірмейтін қосымша 84 субұрқақтың есептеліп, қазіргі уақытта қаланың коммуналдық меншігіне иесіз субұрқақтарды ресімдеу үшін субұрқақтарды зерттеу және санау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.

Н. Ынтымақұлы