- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бар-жоғы 16 шақырым":...
"Бар-жоғы 16 шақырым": ШҚО-да жеті жыл бұрын басталған жол құрылысы тағы екі жылға созылуы мүмкін
ШҚО-дағы Катонқарағай ауданының тұмса табиғатын тамашалаймыз деп барған талай адам аз ғана учаскені еңсергенше әбден діңкелейді. Жуырда "Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Рахман қайнарлары" бағытындағы жолдың 56-72 шақырымына қатысты жаңа мәліметтер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Республикалық маңызы бар жолды қайта жөндеу үшін тағайындалған конкурс аяқталып, Kurylys Group RK ЖШС жеңімпаз болып шықты. Былтыр бұл фирма бір миллиард теңгеге жуық салық төлеген болатын. Ал бұл мұның алдындағы бес жылмен салыстырғанда анағұрлым көп. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ұтқан лот бойынша орындалатын жұмыс қосымша салықты қоспағанда 12 миллиард теңге болады. Жөндеуді қажет ететін бөлік - 16 шақырым. Егер кейбір тұрғындар үшін бұл қомақты қаржы болып көрінсе, мұның алдында аталған сома өзгергенін айта кеткен жөн. Яғни, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілген. Осындай түзету мен бюджетті қайта қарау талай уақытты алғаны көпке белгілі. Сонау 2017 жылдан бері алсақ, жұмыс жеті жылға жуық сиырқұйымшақтанған. Онымен қоса, жоба жыл өткен сайын қымбаттай берді. Бұл жерде ұзындығы 32 шақырым болатын айналма тасжол сөз етіліп отыр.
"Егер іс неғұрлым тез аяқталса, көлік мінгендер үшін ирелең жолдармен өту машақаты азайып, жолаушылар үшін де қауіпсіз болар еді. Бар-жоғы - 16 шақырым. Облыс әкімдігіндегілер ресми жиындарда "міне-міне, аяқталады" деп бірнеше рет уәде берген-тұғын", - деді Катонқарағай ауданының тұрғыны Ержан Сейітов.
Бірақ сөз бен іс қабысар емес. 2020 жылы да "жолды биыл салып бітеміз" делінген еді. Ал келесі жылы жобаны 2022 жылы тапсырамыз деп сендірді. Сөйтіп созбалаңға түскенде 2023 жыл да есік қақты, ал жолда қыбыр еткен тірлік байқалмайды. Бұл уақыт аралығында жоба тағы қымбаттап, қайта есептеуге тура келді. Енді бар-жоғы 16 шақырымға 12 миллиард теңге бөлінгелі отыр.
"Жобалық құжаттама әзір, Үкімет қаржы бөлді. Жақында жұмысты бастаймыз. 72-88 шақырым, яғни екінші учаскенің жобалық-сметалық құжаттамасы өзгертілген. Мамырда дайын болады", - деген еді биыл облыс әкімдігіндегілер.
Ведомствоның түсіндірме қағазында жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер 2022 жылы енгізілетіні айтылған. Осыған дейін ойнатылған лотта алғашқы жылы жобаны орындау үшін небәрі бір миллион теңге бөлінгені көрсетілген. Содан кейін екі жылға тағы алты миллиард теңгеден қарастырылды деп жазылды. Яғни, бәрі сәтімен жалғасса, жол салу 2025 жылы бір-ақ тәмамдалады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы