- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бәрі жауапқа тартылсын"....
"Бәрі жауапқа тартылсын". Алматыдағы атышулы "Алтын Орда" базарының кәсіпкерлері шу көтерді
Алматыдағы атышулы "Алтын Орда" базарының кәсіпкерлері тағы шу көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, 300-ден астам саудагер жаңа салынып жатқан сауда кешеніне қатысты наразылық білдірді. Ғимараттың құрылысына әрқайсысы өз қалтасынан кем дегенде 7 миллион теңгеден қаржы құйған. Сөйтіп басшылық ауысып, не ақшасыз, не орынсыз қалдық деп ашулы. Амалын таппаған олар полицияға да шағым түсірген.
14 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысатын Айгүл Нұржауованың бүгінде мазасы жоқ. Тапқан-таянғанын балаларынан аямайтын келіншек жаңа павильоннан орын алу үшін 10 млн теңге қаражат құйған.
"Өткен жылы қазан айынан бастап бізге жаңа павильонда орын сатылады деген әңгіме шығып, біз соған ақша құйдық, әркім әртүрлі сомада.Біреу 5 млн, біреу 10 млн. Өз басым 10 млн құйғам, жылы жерде тұрайық деп. Қазір көріп тұрсыздар, қандай суықта тұрып жатырмыз. Өз орнымызды алсақ деп талап қоямыз, - дейді кәсіпкер Айгүл Нұржауова.
Кәсіпкерлердің бас ауруына айналған сауда нысанының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Аумағы 28 мың шаршы метр. Саудагерлер бұл жерден орын алу үшін 2 млрд теңге қаражат жұмсағанын айтады. Саудагерлердің айтуынша, құрылыс қысқа дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда басшылық ауысып, жаздан бері тұралап қалған. "Бұрынғы директор Данияр Әлпиев алған ақшамызды қайтармақ түгілі, келісімшарт та жасаспады" деп қапаланып отыр.
"Мен үш бутик алдым. Жалпы мөлшермен 20 миллиондай құйдым. Келген кезде бағасын 12 миллион деді. Келісімшарт сұрап едік, чек берді де, келісімшартты "әне береміз", "міне береміз" деп, сол күйі бермеді", - дейді кәсіпкер Әлима Нұрмұхаммед.
"Дания Әлпиевтің компаниясына ақша құйдық. Маржан деген кассирға ақша бердік. Сонда бутикке ақша салдық деген сөз. Соның үстінен біз "шапка" бердік. Әр адам 1 млн арасында, 1 жарым, 2 млн. Мен 2 млн бердім, өйткені олар бутик жоқ, егер алғың келсе, қосымша ақша бересің деді. Енді сол кісілердің бәрі жауапқа тартылсын", - дейді кәсіпкер Әлия Көшбеспаева.
300-ден астам кәсіпкер әр орынға кемі 7 миллион теңгеден құйған.Одан бөлек, жердің иесіне төленетін ай сайынғы жалдау ақысы бар. Олар ауданның полициясына да шағымданған. Бірақ нәтиже жоқ.
"Қылмыстық іс қозғалды, бірақ баяу жүріп жатыр. Бұл жерде кішігірім іс емес, бұл жерде тергеу тобы құрылу керек еді. Негізі тергеу тобында екі-үш тергеуші болу керек еді. Сондықтан тергеуге көңіліміз толмай отыр. Өйткені ақша қайда кеткенін білмей жатыр. Жұмсалған ақша қайда кетті? Әлпиев ешқандай түсініктеме бермейді", - дейді адвокат Бауыржан Рахалиев.
Күнделікті шай-пұлының ақысын осы жерден тауып жүргендер енді қайда барарын білмей дал. Ал жаңа келген басшылық құрылысты жалғастыруға қайта кірісіп жатқанын айтты.
"Бұл жұмыс не үшін созылды, бұш жерде алдында "Алдан строй" деген құрылыс компаниясы болды. Негізі техжоспар бойынша жұмыс атқарылмады. Олармен келісімшарт бұзылып, жаңа құрылыс компаниямен кірді. Енді сол компания техжоспарымен алдағы уақытта құрылысты дер кезінде бітіруге өз үлесімізді қосамыз", - дейді "Алтын орда" базары атқарушы компаниясының заңгері Ізбасар Өтеулин.
Даулы мәселенің жай-жапсарына қатысты полиция жауап бермеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина