Дәл осындай атаумен 1 маусым күні Орал қаласындағы тұңғыш Президент алаңында халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс-шарада республикалық, облыстық шығармашылық байқаудың жеңімпаз оқушылары өнер көрсетті. Сонымен қатар алаңда С.Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебінің оқушылары мен педагогтері шеберлік сыныптарын ұйымдастырса, оқушылар спорт түрлерінен көрсетілім көрсетті. Алаңда өрт, авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі, балалар арасында өрт сөндірушінің жауынгерлік киім кию байқауы, газқағар кию байқауы, "Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек", кинологтардың қызметтік иттермен жұмысын көрсету, тегін түрде қыздардың шаш өруі секілді көрме-байқаулар өткізілді.
Мерекелік шараға арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев көрмеге суретін алып шыққан әр баланың жұмысына мән беріп, оларға шығармашылық табыстар тіледі.
"Балалар бос уақытын тиімді өткізіп, пайдалы іспен айналысуы керек. Бұл бағытта біздің өңірде біраз жұмыс атқарылуда. Жақында дарынды балалармен кездескенімде білімді, талантты жас буынның өсіп келе жатқанын көріп қуандым. Енді біз оларға жағдай жасауымыз қажет. Басы міндетіміз - облыстағы білім беру саласына қолдау көрсету. Мемлекеттің беріп жатқан қаражатын пайдалы іске жұмсап, оның нәтижесін көруіміз керек. Тек облыс орталығындағы балаларға емес, ауылдың балаларына да жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатта облыс көлемінде ауылдағы елді-мекендерді дамытуға арналған үлкен бағдарлама жасаудамыз. Ауылдағы балаларды спорттық, мәдени шараларға тартуға көңіл бөлудеміз. Биыл 12 ауданның 10 ауданында үлкен спорт кешені салынады. Ендігі кезекте аудан орталықтарында балалардың бос уақытын тиімді өткіздетін үйірмелер ашылады. Балалар-біздің болашағымыз. Сондықтан біз оларға барлық жағдайды жасаймыз. Жаңа ғана талантты жас суретшілеріміздің көрмесін қарап, қуанышқа бөлендім. Талантты балаларға бағыт беріп жүрген көркем сурет мектебінің мұғалімдері ғимараттың тарлығын, жайсыздығын айтты. Бізге бірінші кезекте жер мәселесін қарап, жобасын жасау қажет. Бұл жөнінде орынбасарларыма тапсырма бердім. Алдағы уақытта 1000 орындық көркемсурет мектебін салып берсек үлкен жетістік болар еді. Бұл-болашақтың ісі", - деді Нариман Төреғалиұлы журналистерге берген сұқбатында.
Бұл күні тұңғыш Президент алаңы ән-күйге бөленді. С. Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нүргүл Батырованың айтуынша, биыл мектепті 105 түлек аяқтамақ. Көркем сурет мектебінде 800-ге жуық бала білім алады. Оқушылар көрмеге академиялық және басқа техникадағы жұмыстарын алып шыққан.
Байқағанымыздай, портрет, пейзаж бағытындағы суреттер, попьмаше жұмыстары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Өңірдегі жалғыз сурет мектебіне оқушылар емтихан тапсырып, қабілетті, талантты балалар таңдалып алынады.
Әдемі шарада түрлі бағытта өнер көрсеткен балғындар облыс әкімімен естелік суретке түсті.
Әйгерім Ғалым
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!