Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы темір тордағы жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Түрмедегі жағдай бірқалыпты. Менің жағдайымды көріп тұрсыздар, бәрі жақсы. Одан да "Дипломат" қонақүйі туралы сұраңыздар", - деді ол.
Еске салайық, бүгін Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір сот отырысы өтті. Бұл жолы бұрынғы шенеунік рейдерлік жасады деген күдікке ілінді.
Айыптау нұсқасына сәйкес 2019 жылы материалдық көмек алу үшін иелігінде Астанада орналасқан "Дипломат" қонақүй кешені бар кәсіпкер К. экс-шенеунік Мұхамедиұлына жүгінген. Мұхамедиұлы коммерсантқа 2,5 миллиард теңге беруге келіскен, алайда оның орнына ЖШС капиталынан қайын енесіне 71 пайыз рәсімдеуді сұраған. Тергеу мәліметінше, экс-шенеунік сол кезде-ақ қонақ үйді қолына алу жоспарын ойластырған.
Мәміле жасалғаннан кейін бұрынғы шенеунік қонақүйге үнемі бара берген, онда қызметкерлерге тең иелердің бірі ретінде таныстырылған. Әрі қарай Мұхамедиұлы кәсіпкер К.-ден қалған 29 пайызын беруді талап еткен, алайда кәсіпкер бас тартқан. Содан кейін Мұхамедиұлы "Дипломат" қызметкерлеріне ЖШС директорын қонақүйге кіргізбеу туралы бұйрық береді. Сонымен қатар, серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасы қолдан жасалып, онда серіктестік директоры Мұхамедиұлына байланысты тұлғаға ауыстырылады.
Еске салайық, бұған дейін ол сотта кінәсін мойындамайтынын айтқаны хабарланған еді. Ал кейін экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, Мұхамедиұлының адвокаты да ұсталды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Үй салуға қанша уақыт кетеді?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!