Бәрі есірткіге мас болған: Шымкентте заң бұзғандар ұсталды

Шымкентте есірткі жасырған үш адам ұсталды. Олардан аса ірі мөлшерде әртүрлі психотроп заттар тәркіленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күдіктілерді патрульдік полиция полкінің инспекторлары таңғы 6:00 шамасында анықтады. Көлік тоқтатқан кезде жүргізуші мен екі жолаушының әрекеті күдік туғызған.

Тексеру барысында жолаушылардың бірі бой тасалауға тырысқан, бірақ бірден ұсталды. Күдіктілерден 1 келіге жуық есірткі тәркіленді. Осылайша, қара нарыққа синтетиканың бір реттік мың дозасы жіберілмеді.

Ұсталғандар қала аумағында синтетикалық есірткі таратумен айналысқаны анықталды. Осы дерек бойынша тергеу басталды.

"Медициналық куәландырудың нәтижесі үш ер адамның да есірткіге мас болғанын растады. Бұл құқықбұзушылықты жасағаны үшін жүргізуші көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды. Қазіргі таңда күдіктілер қамауда", - деді полиция.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысының тұрғынынан ірі көлемде есірткі партиясы тәркіленді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!